• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:20

Таразда екі зауыт іске қосылды

10 рет
көрсетілді

Елімізде мәрмәр ұнтағы мен құрғақ құрылыс қоспаларына деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Алдағы уақытта Қазақстанның қай қиырында болсын, құрылыс қарқыны үдей түспесе, баяуламайды. Осы орайда ішкі нарық сұранысын қанағаттандыру мақсатында Таразда екі бірдей зауыт іске қосылды.

Мамандардың айтуынша, жаңадан ашылған кәсіпорындарда жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, құрылыс секторындағы импортқа тәуелділікті азайту көзделген. Осылайша, жергілікті өнімді өткеру мақсаты қойылып отыр.

«Alit Holding» ЖШС-ның мәрмәр ұнтағын және құрғақ құрылыс қоспа­ларын өндіретін зауыттардың ашылу салтанатына өңір басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеров, «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Baiterek Venture Fund» АҚ өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары мен іскерлік қауымдастық өкілдері қатысты.

Жалпы,облыс орталығында кейінгі жылдары бірнеше өндіріс ошағы бой көтергені белгілі. Ал еліміздің құрылыс материалдары нарығында 30 жылдық тәжірибесі бар «Alit» компаниясының Тараз шаһарында жаңа зауыт ашуы құптарлық қадам. Өйткені облыс орталығында құрылыс қарқыны жыл өткен сайын артып келеді. Тараз төрінде бұған дейін «Kazgyps» гипс өнімдері зауыты салынғанын да айта кеткен жөн.

«Құрғақ құрылыс қоспалары іс жүзінде кез келген жөндеу жұмысында қолданылатыны мәлім. Бір пəтерге орта есеппен 2 тонна шамасында осындай материал қажет екені белгілі. Жаңа­дан іске қосылған бұл зауыт­тар жыл сайын еліміз  бойын­ша 70 мыңға дейін пəтерді мате­риал­дармен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді», деді компа­ния­­ның атқарушы директоры Бағлан Алжанқұлов жаңа кәсіп­орын­дардың әлеуеті туралы ой бөлісіп.

Ауқымды жоба «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіретін «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ тарапынан, «Baiterek Venture Fund» АҚ тікелей инвестициялар қоры арқылы қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Тартылған инвестицияның жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрап отыр. Қаражат өңдеу өнеркəсібін дамытуға, жергілікті жердегі өндірісті кеңейтуге, отандық құрылыс материалдары өндірушілерінің мүмкіндігін нығайтуға бағытталған.

Мамандар келтірген дерекке сенсек, еліміздегі құрғақ қоспалар нарығындағы жағдай сұраныстың артқанын байқатады. Нақтырақ айтсақ, 1-1,3 млн тоннаға дейін жеткен. Ел аумағында жыл сайын 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде сапалы құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырмаса, азайтпасы анық.

Таразда салынған құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін жаңа зауыттың қуаттылығы жылына шамамен 150 мың тонна өнімді құрайды. Бұл жыл сайын 70 мыңға дейінгі пəтерді жөндеуге қажетті материал көлемімен шамалас. Өңірде мəрмəр ұнтағын өндіретін зауыттың іске қосылуы компанияға шикізаттан бастап дайын өнімге дейін толық өндірістік цикл қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Компанияда шикізатқа тәуел­ділік жоқ. Өйткені өндірістік кешеннің өзінің шикізат базасы бар. Үлкен Бурыл кен орны шикізатпен толықтай қамтып отыр екен. Жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылатынын да айта кеткен жөн.

«Таразда ел аумағында баламасы жоқ зауыт ашылғанына қуаныштымыз. Өйткені бұл – автоматтандырылған кәсіп­орынның алғашқысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әр жылдың межелі жоспары өсіп келе жатқанын айтпай кетуге болмас. Мәселен, өткен жылы 246 млрд теңге шамасында инвестиция тартылған болса, осы жылы көрсеткішті 361 млрд теңгеге жеткізу межесі қойылып отыр. Жаңа өндіріс ошақтарын ашу арқылы жергілікті жұртты жұмыспен қамту мүмкіндігі де артатыны белгілі», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова.

Қалай десек те өңірде кейінгі жылдары инвестиция тарту жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін өркендетуге басымдық беріліп отыр. Осылайша, жер­гілікті атқарушы билік өкілдері Мем­лекет басшысының тапсыр­масын сапалы түрде жүзеге асыруға бел буып отырғаны көңіл тоғайтады.

 

ТАРАЗ 

Соңғы жаңалықтар