Ертіс-Баян өңіріндегі инклюзивті білім саласы жүйелі көрінгенімен, ішкі иірімдерінде шешімін таппаған түйткілдің аз емес екені аңғарылады. Әлі күнге 150-ге жуық бала түзету кабинеттеріне кезекте тұр. Маман тапшылығы мен төмен жалақы саланың «тұсауына» айналғандай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзияны қоғамның даму өлшемі ретінде атап өткенімен, жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыс ширатуды қажет ететіндей. Арнайы мамандардың тапшылығы, түзету қызметтеріне сұраныстың артуы, сондай-ақ кейбір білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасын күшейту өзекті мәселеге айналып тұр.
Бүгінде облыста ерекше білім қажет ететін 8,5 мыңнан астам бала бар. Бұл жай ғана статистика емес, бұл – 8,5 мың тағдыр, 8,5 мың отбасының үміті. Оның ішінде 1 800-ден аса бала мектепке дейінгі ұйымда, 900-ден астам бала арнайы мектеп-интернатта, 3 700-ден астам бала жалпы білім мектепте, 150-ден астамы техникалық және кәсіптік білім ұйымында қамтылған. Сонымен қатар аутизм орталығында 40-тан аса жасөспірім, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде 300-дей жеткіншек қолдау қызметтерімен қамтылған.
Өңірдегі 35 арнайы білім ұйымы мен мектептер жанынан ашылған 21 инклюзияны қолдау кабинеті құптарлық дүние. Дей тұрғанмен, бұл ұйымдар мен кабинеттердің негізгі бөлігі Павлодар, Екібастұз, Ақсу сияқты ірі қалаларда ғана шоғырланған. Ауылдық жерлердегі ерекше балалардың жайы қалай болмақшы? Ауылдағы ата-ана баласын қалаға тасымалдауға қауқарсыз болса, жеткіншектің қоғамнан оқшауланып қалу қаупі жоғары. Инклюзия тек қалалық жерлердің артықшылығы емес, ол кез келген ауыл баласына қолжетімді орта болуы шарт.
Ең үлкен кедергілердің бірі – кезек мәселесі. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріне әлі күнге 150-ге жуық баланың кезекте тұруы да ойландыратын жайт. Мұндай балаларға әрбір ай, әрбір күн маңызды. Оңалту курстарының бір жылға дейін созылуы жаңадан келген балалардың жолын бөгеп тастайды. Бұл жерде мемлекеттік ұйымдардың сыйымдылығы мен мамандардың тапшылығы айқын байқалады. Маман демекші, логопед, дефектолог, олигофренопедагогтер мен педагог-ассистенттер жетіспеушілігі байқалады.
«Кейбір түзету қызметтеріне сұраныстың жоғары болуына байланысты кезек қалыптасуы мүмкін. Кезектің қалыптасуы көбіне психологиялық-педагогикалық қолдау және оңалту курстарының ұзақтығына байланысты болып отыр. Әдетте, мұндай курстардың ұзақтығы 90 күннен 365 күнге дейін созылатындықтан, жаңадан балаларды қабылдау белгілі бір уақытты талап етеді. Ал жалпы облыста 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жұмыс істейді. Ата-аналар соларға жүгініп, баланың даму ерекшелігіне қатысты кешенді бағалау мен ұсынымдар ала алады. Комиссия баланың қандай білім беру жағдайында оқуы қажет екендігін анықтап, тиісті қорытынды береді», дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова.
Мәселенің төркіні кадрлардың жетіспеушілігінде емес, оларды ұстап тұратын ынталандыру жүйесінің аздығында жатқан сияқты. Педагог-ассистенттің жалақысы 120 мың теңгеден басталатынын ескерсек, бұл саладағы кадр жетіспеушілігіне таңғалудың қажеті жоқ. Ерекше баламен күні бойы жұмыс істеу, оның әрбір мінезі мен қажеттілігіне бейімделу – орасан зор психологиялық жүктеме. Машақаты мол жұмыстың тиісті деңгейде бағаланбауы білікті мамандардың жеке секторға кетуіне немесе мүлде басқа салаға ауысуына итермелейді. Салдарынан мемлекеттік мектептердегі инклюзия «формальды» сипат алып кетуі мүмкін.
Оның үстіне материалдық-техникалық базаның ескіргені де белгілі. Қазіргі заманғы технологиялар, сенсорлық бөлмелер мен арнайы құрал-жабдықтар тек санаулы ғана орталықтарда бар. Инклюзиялық білім – бұл баланы мектепке әкеліп, оны сыныптың бір бұрышына отырғызып қою емес. Ол – баланың өзін жайлы сезінуі, сабаққа толыққанды қатысуы және өзгелермен тең қарым-қатынас жасауы. Бұл үшін тек қана маман емес, соған лайықталған орта керек.
Павлодар облысындағы инклюзивті білім жүйесі бүгінде үлкен трансформация алдында тұр. Жекеменшік орталықтардың көбеюі мен қайырымдылық қорларының белсенділігі мемлекеттік олқылықтың орнын толтырып жатқандай. Дей тұрғанмен, инклюзия – коммерциялық жоба емес, ол әлеуметтік жауапкершілік екенін ұққанымыз абзал. Сондықтан сапаны бірінші орынға қоятын кез келді.
Павлодар облысы