Елорда төрінде көктемнің шуақты күндерімен қатар келген Халықаралық театр күні мерекесі биыл да ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Айтулы мейрам аясында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында өткен дәстүрлі «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруі бір апта бойы көрерменін өнердің сиқырлы әлеміне жетелеп, театрдың шынайы рухын сезіндірді.
Кешкілік уақытта театр алды ерекше жанданып, сәнді киінген көрермен легі толастамады. Фойеде қызу әңгіме, асыға күткен әсер, шығармашылық толқыныс сезіліп тұрды. Әр бұрыштан қойылым туралы пікір алмасқан көрермен мен театр сыншыларының ойлары естіліп, өнерге деген ортақ сүйіспеншілік бір арнаға тоғысқандай әсер қалдырды.
Шеру шымылдығы түрілген сәттен бастап-ақ сахнада сан түрлі тағдырлар мен характерлер тіріліп, көрерменді бейжай қалдырмады. Атап айтсақ, Жәнібек Әлікеннің нәзік сезімге құрылған «Жүрек сыры. Махаббатым сен...» драмасы көңіл түкпіріне бойласа, Бертольт Брехттің «Шеңбері» қоғам мен адам болмысына терең үңілуге жетеледі. Әбіш Кекілбайұлының «Күйі» ұлттық рух пен философиялық толғанысты астастырып, көрерменді ой теңізіне батырды. Ал Лев Толстойдың «Анна Каренина» романы желісімен қойылған «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы сахна мен пластиканың үйлесімі арқылы ішкі драманы өзгеше өрнектеді. Әлемдік драматургия жауһары «Romeo & Juliet» шығармасының заманауи үлгісі жас көрерменнің ықыласын оятып, классиканың мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді. Дулат Исабековтің юмор мен шындықты қатар өрген «Қазақи комедия немесе Бонапарттың үйленуі» көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйласа, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы адам жанының күрделі иірімдерін ашып берді.
Әр қойылымнан кейін залда ұзақ қол шапалақтау толастамай, көпшілік ықыласы сахна иелеріне деген шексіз құрметті аңғартты. Арнайы шақырылған кәсіби мамандар, театр мен кино сарапшылары қойылымдарға кәсіби тұрғыда баға беріп, актерлік шеберлік пен режиссерлік ізденістерді жіті саралады. Сахнагерлерге арнап өткізілген шеберлік сабақтарынан да алар тағылым мол болды. Ал көрермендер арнайы сауалнама арқылы өз таңдауын жасап, өнер мерекесінің белсенді қатысушысына айналды.
Осылайша, бір аптаға созылған «Қаллеки тынысы» шеруі өнерсүйер қауым жүрегінде өшпес әсер қалдырып, театрдың тірі өнер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сахнадағы әр образ, әр сөз, әр қимыл – адам жанына жол тапқан шынайы өнердің көрінісі болды. Елордадағы бұл мәдени оқиға театрдың тек өнер ордасы ғана емес, рухани тәрбие мен терең ойдың мекені екенін айқын аңғартты.
Апталықтың шарықтау шегі – 27 наурыз Халықаралық театр күніне орай өткен қорытынды гала-кеш болды. Сахна шымылдығы ашылған сәттен бастап залда ерекше толқу орнады. Бұл – тек марапаттау рәсімі емес, театр ұжымының бір жыл бойы атқарған шығармашылық ізденісінің қорытындысы, өнерге деген адалдықтың салтанаты еді.
Алдымен көрермен таңдауы бойынша жеңімпаздар анықталды. Зал ішін ерекше ықыласқа бөлеген сәтте «Үздік актер» атағы Жанат Оспановқа, ал «Үздік актриса» аталымындағы жүлде Инабат Әбеноваға табысталды. Сонымен қатар көрермендер таңдауы бойынша «Үздік спектакль» аталымы да ерекше аталып өтіп, бұл марапат көрермен мен театр арасындағы шынайы байланыстың айқын көрінісіне айналды.
Кезек сарапшылар алқасының шешіміне берілгенде, зал іші тіпті тына қалды. Нәтижесінде, «Үздік актер» аталымы тағы да Жанат Оспановқа бұйырып, оның кәсіби шеберлігі мен сахналық қуаты ерекше атап өтілді. «Үздік актриса» аталымында Айкөркем Тұранова жеңімпаз танылды. Сонымен қатар екінші пландағы рөлдер де назардан тыс қалмады. «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» аталымын Ұлан Қабыл иеленіп, шағын образдың өзін үлкен өнерге айналдыра алғанын дәлелдеді. Ал «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» Ботагөз Мақсұтоваға табысталып, оның сахнадағы шынайылығы көрермен жүрегіне жол тапқаны аталып өтті. Жас буынға бағытталған «Үміт» аталымы Қайыржан Садықовқа беріліп, бұл марапат оның алдағы шығармашылық жолына үлкен сенім берді. Ал «Театр тарланы» аталымындағы құрмет Халық әртісі Тілектес Мейрамовқа беріліп, көрермен қошеметіне бөленсе, сарапшылардың арнайы жүлдесі актриса Айнұр Жетпісбаеваға табысталды. Сонымен қатар атаулы марапаттар легі жалғасып, әрбір өнер иесінің еңбегі еленді. Атап айтсақ, режиссер Нұрлан Жұманиязов Кекілбаевтар әулетінің арнайы сыйлығына ие болса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл мен Марғұлан Наменов Ералы Тоғжанов тағайындаған арнайы жүлдемен марапатталды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов ұсынған арнайы сыйлыққа ие болып, шығармашылық ізденісі үшін құрметке бөленді. Ал актриса Арай Омарова дизайнер Жадыра Сахиеваның арнайы жүлдесін иеленді. Одан бөлек, театрдың сахна сыртында еңбек етіп жүрген қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Олардың маңдайтері мен тынымсыз еңбегі арнайы дипломдармен марапатталып, көрермен қошеметіне ие болды. Бұл – театрдың тек актерлерден ғана емес, тұтас бір ұжымдық еңбектен тұратынын айқындаған әсерлі сәттердің бірі еді.
Осылайша, «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруі биыл да өз мәресіне жетіп, өнердің биік өлшемін, сахна мәдениетінің тереңдігін һәм актерлік шеберліктің шынайы қуатын айқындады. Бір апта бойы көрермен жүрегіне жол тапқан қойылымдар мен сахнадағы сан қилы тағдырлар ұзақ уақытқа дейін ел есінде сақталары сөзсіз. Бұл шеру – театрдың мәңгілік екенін, ал өнердің адам жанын тәрбиелейтін ең ұлы күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымды мереке болды.