Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру туралы кезекті кеңесте бірінші тоқсанның алдын ала қорытындысы қаралды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсу индексі 0,3%-ды құрады. Бұл өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда үш есе төмен. Жалпы алғанда, бірінші тоқсанда баға өсімі 1,2% болды, бұл да 2025 жылдың осы кезеңіндегі деңгейден үш есе төмен. Осы динамика баға өсімінің тұрақты баяулауын көрсетеді.
Кеңесте ресми статистика тұтыну бағалары индексін есептеудің халықаралық әдістемесіне сәйкес қалыптастырылатыны әрі 537 тауар мен қызмет түрін қамтитыны айтылды. Мониторинг бүкіл ел ішінде 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі. Ішкі сауда жүйесінде шамамен 760 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олардың 300 мыңнан астамы азық-түлік өнімдерін сатумен айналысады.
Бағаның негізгі төмендеуі көкөніс тобы бойынша тіркелді. Қырыққабат 1,9%-ға, қызанақ 2,6%-ға, пияз 10,9%-ға, қияр 22,6%-ға арзандады. Жыл басынан бері қияр бағасы 31,1%-ға төмендеді. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, нарықты отандық өніммен қамту көбіне жылыжай шаруашылығы арқасында жақсы іске асты. Былтырғы қорытындыда жылыжайлардың жалпы алаңы 1,33 мың гектарды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 12,6 гектарға артты. Негізгі өсімді фермерлік жылыжайлар берген. 713,3 гектардан 799,4 гектарға дейін артқан.
«Қазір министрлік өнеркәсіптік жылыжайлармен қызанақ пен қияр бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандум жасасу аясында келіссөздер жүргізіп жатыр», деп хабарлады Айжан Бижанова.
Оған қосымша «ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрін, сондай-ақ әлеуметтік нан өндіруге арналған ұнды тасымалдауда теміржол тарифтеріне айтарлықтай жеңілдік беру мәселесін пысықтамақ. Көктемде ерте пісетін көкөністерге бағаның маусымдық өсуі ескеріле отырып, ел нарығындағы өткен жылғы өнім қоры мен басқа елдерден жеткізілетін ерте пісетін өнімдердің жағдайы да өз алдына бөлек қаралды. Қазір тұрақтандыру қорларындағы өткен жылғы өнім қорлары қарқынды түрде сатылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, олардың қалдығы жалпы қор көлемінің шамамен 24%-ын құрайды.
Наурыз айының басынан бастап елдің ішкі нарығына Қытайдан жаңа көкөністің күнделікті жеткізу ұйымдастырылды. Қазір 3 200 тонна картоп, 800 тонна сәбіз, 14 тонна ақ қырыққабат жеткізілді. 31 наурыз күні Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті, өңірлік ӘКК, ірі сауда желілері, KTZ-Express, QazTrade өкілдерінен құралған делегация ерте пісетін өнімдерді сатып алу мақсатында Өзбекстанның оңтүстік өңірлеріне барады.
Бағаның төмендеуіне Наурыз мейрамы кезеңінде өткен мерекелік жәрмеңкелер де қосымша әсер етті. Ел бойынша мереке күндері 200-ден астам тақырыптық жәрмеңке өткізілді. Жалпы, жыл басынан бері 1,5 мың жәрмеңке ұйымдастырылды. Nauryz sale акциясына 70%-ға дейінгі жеңілдік ұсынған 300 сауда субъектісі қатысып, 4 миллионнан астам адам қамтылды.