• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мереке Бүгін, 07:00

Айт қабыл болсын!

20 рет
көрсетілді

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бас­таймын! Барлық мақтау Аллаға тән! Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Ардақты ағайын!

Сіздерді күллі мұсылман бала­сы­ның ұлық мерекесі Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала бәріміздің мерейімізді үстем етсін!

Ораза айт – сый мен сия­патқа, құрмет пен нығметке, шексіз сауапқа бөленетін сәт. Бұл туралы ардақты Пай­ғам­барымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сә­ле­мі болсын): «Ораза айт күні періштелер жер бетіне түсе­ді де, әр жолдың басында тұ­рып: «Уа, мұсылман қауы­­мы, Раббыларыңа асы­ғың­­дар! Сендер түнді намазбен, күндізді оразамен өт­кізуге бұйырылғанда амал етіп, Раббыларыңа бойсұн­ған­дарың үшін Алла сендерді үлкен сауап пен толассыз нығ­метке бөлейді. Сол үшін өздеріңе тарту етілген сыйлық­тарыңды алыңдар»,  деп дауыс­тайды. Ал Ораза айт намазын оқып болғаннан кейін бір періште адамдарға былай дейді: «Шүбәсіз Жаратқан Раббыла­­рың күнәларыңды кешті. Үйле­ріңе Алланың жолынан адаспа­ған күйде оралыңдар! Расында, бұл күн жер мен аспан әлемінде сый-сияпатқа кенелу күні деп аталады», деген.

«Айт» сөзі «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуан­ту», «қуа­нышқа топталу» деген мағы­наны білдіреді. Исламдағы ұлық мейрамдар мұсылман қауы­мының, барша адамзаттың жүре­гіне қуаныш сыйлауға үндейді. Айт күні отбасын, ағайын-туысты, көмекке мұқтаж адамдарды, қарттар мен қараусыз қалған балаларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қуантудың сауабы мол. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, парыз амалынан кейінгі ең абзал амал – мұсыл­манның жүрегіне қуаныш ұялату. Адам баласы өзгені қуанту арқылы өзі де қуанышқа бөленеді.

Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (Айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...», дейді. Жаратушы Жаббар Иеміз баршамызды екі дүние қуанышы мен нығметіне бөлегей.

Құрметті бауырлар!

Ораза айт – адамдар ара­сын­­дағы бауырмалдық­ты арттырып, татулық пен сый­лас­­тықты нығай­татын ұлық ме­­реке. Осы айт күндері бір-бі­­рі­­мізге ізгі тілектер айтып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен араласып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қоғамы­мыздағы бірлік пен берекені арттыра түсуіміз керек.

Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен бе­ре­ке, бірлік пен татулық тілеймін. Алла Тағала сіз бен бізді келесі Рама­занға дейін аман-есен жеткізіп, мол сауап­қа кенелуді нәсіп еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуел­­­­сіз­дігіміз баянды болғай! Әумин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти