• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 12:44

Елімізде мемлекеттік қызмет моделі қалай өзгермек?

20 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат мемлекеттік аппаратты кәсібилендіріп, азаматтарға бағдарланған тиімді қызмет моделін қалыптастыруды көздейді, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс қарауына ұсынылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының жаңа редакциясы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген. Негізгі мақсат – сервистік және азаматқа бағытталған қағидаттарға сүйенетін заманауи мемлекеттік қызмет моделіне көшу.

Жаңа құжатта мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар нақтыланған. Олардың қатарында патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік, мінсіз бедел, құқықбұзушылықтарға және мүдделер қақтығысына төзбеушілік сияқты қағидаттар бар.

Жаңа Конституция азаматтардың дербес деректерін қалай қорғайды?

Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру үшін бірқатар тетіктер енгізілмек. Атап айтқанда, төменгі және басшылық лауазымдарға кадр даярлауға арналған арнайы институт құрылады. Тәлімгерлік жүйесі күшейтіліп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа қызмет іске қосылады. Бұл құрылым тәртіптік комиссия жұмысын үйлестіріп, қызмет әдебінің сақталуын бақылап, мемлекеттік қызметшілерге қатысты шағымдарды қарайды және олардың мүдделерін сотта қорғайды.

Сонымен қатар HR-процестер толық цифрландырылмақ. Мемлекеттік қызметке іріктеу, бос орын таңдау, өтініш беру және қызметке тағайындау кезеңдері түгелдей «E-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл жүйе тек мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушы лауазымдарға үміткерлерді де қамтиды.

Министрлік мектеп бағдаламасын қалай өзгертпек?

Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге де басымдық берілген. Жалақыны кемінде үш жылда бір рет индекстеу енгізіледі. Сондай-ақ үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндеріндегі еңбекке өтемақы төлеу қарастырылған. Қызмет өтілі 25 жылдан асқан және мемлекеттік немесе ведомстволық наградалары бар қызметшілер зейнетке шыққанда төрт лауазымдық жалақы көлемінде біржолғы сыйақы алады.

Қызметтік ауыс-түйіс кезінде де қолдау шаралары күшейтіледі. Бір елді мекеннен екіншісіне көшкен жағдайда көтерме жәрдемақы мен мүлік тасымалына өтемақы төленеді. Сонымен қатар қызметшілердің балалары балабақшаға кезексіз қабылданады және жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі беріледі.

Әділет министрі: 5 дербес конституциялық заңды әзірлеу басталды

Жалпы, жаңа заң жобасы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып, білікті кадрларды тарту мен ұстап қалуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар