Толағай тауы етегіндегі ел ішінде берекесі мен бірлігі жарасқан Кемел әулеті жарастықты ғұмыр кешіп жатыр. Арғы аталары Кемел – атадан қалған жалғыз тұяқ. Сол жалғыздан бүгінде бір ауыл ел тарады. Тегінде тектілік, қанында қайсарлық бар Тыныштық ананың алтын құрсағынан өрбіген ұлағатты ұрпағы аналарын алақандарына салып отыр.
Ералиев ауылының жасы үлкен анасы амандық болса, биыл тоқсан алтыға толады. Еңбекпен есейіп, бейнетпен берекесі артқан ел анасы – Кемел әулетінің кемеңгеріндей.
Тағдыр оны текті әулетке келін қылды. Жолдасы Кемел Қаратаев – аты аңызға айналған Ерубай бидің немересі. Алайда «би-болыстың тұқымы» деген жаламен қуғын көріп, Оңтүстікке ауған көштің құрамында болды. Шымкенттегі Ащысай полиметалл комбинатында еңбек еткен Кемел Қаратайұлы сол жерде Тыныштық Жұмабекқызымен табысып, шаңырақ көтереді.
Сөйтіп, 1948 жылы елге – Арқаға оралып, ұжымшар жұмысына араласты. Келген жылы-ақ жеке отармен қой бағуға шықты. Сол сәттен бастап Тыныштық ана ерінің сенімді серігіне айналды. Қой соңында жүріп, ұрпақ өсіріп, шаңырақтың шырағын жақты. Тыныштық ана зейнетке шыққанша ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосты. Ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, бірнеше марапат пен төсбелгіге ие болды.
Заманның зобалаңы Кемел атаны бір әулеттің жалғыз тұяғы етіп қалдырған еді. Тағдыр үзіліп кете жаздаған тектінің тұқымына Тыныштық ананы жолықтырды. Алтын құрсақты ана он алты баланы өмірге әкелді. Бүгінде сол ұл-қыздарынан 45 немере, 118 шөбере, 1 шөпшек тарап, бір әулет тамырын тереңге жайып отыр. Бір кезде үзілуге шақ тұрған Кемел әулеті бүгінде алып бәйтеректей бой түзеді. Сол бәйтеректің тамырында – Тыныштық ананың ақ сүті, маңдай тері мен аналық мейірімі бар.
Ол балаларымен қоса, бауырында өскен немерелеріне де енші үлестіріп, жеке отау етіп шығарды. Ғасыр ана – әлі де күйлі-қуатты. Әулеттің той-қуанышы, басқа да шаруалары адуынды ананың ақылынсыз шешілмейді.
Бүгінде тоқсан бесінші белесінен асса да, немере-шөберелерінің атынан жаңылмайтын көрінеді. Немере-шөберелерін «Кемелімнің ұрпақтары ғой», деп айналып-толғанып отырады. Жақында ғасыр ана шөпшегінің де қолынан су ішіп, мейірімі қанды.
Ақ жаулықты ананың ақ батасы – ұрпағына қуат, шаңырағына шуақ. Тоқсан алтыға келсе де, санасы сергек, сөзі салмақты. Әр келген қонақты жылы қарсы алып, өткен күндердің тағылымынан сыр шертеді.
Жастайынан бейнет көрген әке мен ана балаларын оқытып-тоқытты. Әз ананың балалары, немере-шөберелері мектепте сабақ береді. Бір жағынан берекелі әулетті Ұстаздар ұстаханасы деуге де келеді. Келіндері де шәкірт жүрегіне нұр құйып жүр.
Ғасыр ананың үлкен ұлы Оразбай Кемелов ұзақ жыл ауыл мектебін абыроймен басқарып, қазір зейнет көріп отыр. Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, өңірге белгілі ардагер ұстаз бүгінде ауылдың қадірлі ақсақалына айналды.
Мұнымен қоса, балалары да, немерелері де ата кәсіпке адалдық танытып, бір-бір шаруашылықты дөңгелетіп отыр. Өндіріс саласында өнімді еңбек етіп жүрген бала-шағасы да бар. Жақсының жалғасы болған олар ауылға иігілік сыйлар іске келгенде аянып қалмайды.
Ардақты ананың ең үлкен немересі Қайырбек Оразбайұлы ауылға деген жанашырлығымен, іскерлігімен соңындағы бауырларына үлгі. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ауыл жұрты үйі апатты деп танылған анаға асарлатып үй салып берді. Соның басы-қасында Қайырбектей ел ағасы жүріп, ауылдағы ағайынның алғысын алды.
Тағы бір Медет есімді немересі – Арқаға белгілі атбегі. Баптаған небір жүйріктері талай аламанда топ жарып келді. Әрине, көрегенді ұл асыл анасының ақ батасын алмай, аламанға бәйге қоспайды.
Алып ананың бауырында өскен Қуаныш Жеңісұлы да әжесінің тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, жасынан еңбекпен шыңдалды. Содан да болар, қатарының алды. Бүгінгі күні құрылыс шаруасына ширақ Қуаныш алақандай ауылдан фирма ашып, жастарға жұмыс беріп отыр. Ауылда бой көтеріп жатқан үй, қора, нысандар – Қуаныш құрған бригаданың еңбегі.
Бір қызығы, әулет шаңырақтары ауылдан алысқа ұзамайды. Ералиев елді мекенінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған Кемел әулеті осылайша ғасыр аналарының ақ тілеуімен ғибратты ғұмыр кешіп жатыр. Осыған қарап, өнегелі ұрпағын құндақтап өсірген Тыныштық ананы ұлтты сақтаған ұлы аналардың жалғасындай десек, біздің артық айтпағанымыз шығар.
Ұлытау облысы,
Жаңаарқа ауданы,
Ералиев ауылы