Қарағанды облыстық зағип жандарға арналған арнайы кітапхана екі тілде – «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы» және «Проект новой Конституции Республики Казахстан» атты бедерлі-нүктелі қаріппен басылған арнайы басылымды жарыққа шығарды.
Бұл – елімізде алғаш рет негізгі заң жобасының көру қабілеті шектеулі азаматтар үшін Брайль қарпімен ұсынылуы. Ерекше форматтағы басылым көру мүмкіндігі шектеулі жандардың Конституция мәтінімен толық танысып, енгізілген өзгерістерді еркін талқылауына мүмкіндік береді.
Туындының таныстырылымында жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер кеңінен түсіндіріліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау мәселесі талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды.
Ерекше басылым кітапхананың облыстағы жалғыз тифлоорталығында Брайль принтерінің көмегімен жарық көрді. Кітапхана директоры Ғалым Нұрланов бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор екенін айтады.
«Біздің басты міндетіміз – көру қабілеті бұзылған азаматтардың ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Жаңа Конституция жобасының Брайль қарпімен жарық көруі – осы бағыттағы маңызды жоба. Бұл басылым оқырмандарымызға Ата заң мәтінімен толық танысып, оның мазмұнын терең түсінуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұндай бастамалар қоғамдағы инклюзивтілік қағидаттарын нығайтып, әр азаматтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді», деді ол.
Мамандардың айтуынша, Брайль қарпінде басылған жаңа Конституция жобасы кітапхана қорында қолжетімді болады.
Қарағанды облысы