Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен 57 жастағы шенеунік ұсталды. Бұл оқиға бұған дейін қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ақпан айының соңында осы мәселе бойынша Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов пікір білдірген еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жәбірленуші қыздың әкесінің айтуынша, Шыңғырлау аудандық әкімдігіне қарасты мекемеде жұмыс істейтін 57 жастағы қызметкер оның қызын алдап үйіне шақырып, зорлаған. Осы дерекке байланысты полиция Қылмыстық кодексінің 120-бабы («Зорлау») бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Алайда кейінірек тергеу барысында полицейлер қыздың жазбалары мен басқа да материалдарды зерттегенде күш қолдану фактілері анықталмағанын мәлімдеді. Тергеу нұсқасына сәйкес, қыз бен оның анасы шағымдарынан бас тартқандықтан іс тоқтатылған.
Алматыда 13 жастағы қызды зорлады деген күдікті қамауға алынды
Соған қарамастан, жасөспірімнің әкесі мемлекеттік қызметкердің жазасыз қалмауын және істің қайта қаралуын талап еткен. Ол өзіне қысым жасалғанын да айтқан.
Осыдан кейін прокурорлар істі қайта жаңғыртып, қосымша тексеру жүргізді.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық істі тергеу басқармасы өз өндірісіне қабылдап, қыздың әкесі келтірген қосымша мәліметтерді сотқа дейінгі тергеу аясында тексерген.
«Кәмелетке толмаған қыздың әкесі айтқан қосымша деректер тексерілді. Күдікті ұсталып, қамауға алынды», делінген хабарламада.
Бұған дейін вице-министр Санжар Әділов істі жапқан полицейлердің әрекеті де тексерілетінін айтқан болатын. Егер олардың тарапынан кінә немесе салғырттық анықталса, жауапкершілікке тартылуы мүмкін.