Кеше Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті. Осымен үшінші мәрте бір алаңда екі мыңнан астам мәслихат, Парламент депутаттарының, Үкімет мүшелерінің, барлық саяси партиялар өкілдерінің басын қостық.
Бұл форум өңірлік даму мәселелері талқыланатын алаң ғана емес, сонымен бірге мемлекетіміз үшін маңызды оқиғалар қарсаңында өткізілетін ел көлеміндегі беделді платформаға айналып келеді. Аталған жиын елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың барысын саралап, өңірлердегі нақты жағдай туралы кері байланыс алуға және халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін тың шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
Форум еліміз үшін бетбұрысты кезең – жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум қарсаңында өтті.
Мемлекет басшысының осы жиынға тұрақты түрде қатысып, мәслихат депутаттарымен тікелей пікір алмасуы іс-шараның мән-маңызын арттыра түсуде. Ал Президенттің бағдарламалық сипаттағы сөйлеген сөзі форум жұмысына сындарлы бағыт береді.
Президенттің айтқан сөзі өткенге көз жүгіртіп, еліміздің кейінгі бірнеше жылда жүріп өткен жолын айқын көруге мүмкіндік берді. Шынында да, бұл – батыл шешімдер қабылданып, нақты нәтижелерге қол жеткізілген маңызды да мазмұнды кезең.
Мемлекет басшысы кейінгі уақыттағы жетістіктерімізге нақты мысалдар арқылы тоқталды. Ол – ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіштер. Күнделікті қарбалас тірліктің арасында еліміздің қандай ауқымды нәтижелерге қол жеткізгеніне кейде мән бере бермейтініміз рас.
ТМД елдері арасында ішкі жалпы өнім көлемі бойынша 306 миллиард доллармен біз екінші орындамыз, ал өңірде бұл – ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққанда ол 15 мың доллардан асады. Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кіреді. Еліміз тікелей шетелдік инвестиция тарту көлемі жағынан да Орталық Азияда көш бастап тұр. Алтын-валюта резервтері ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіштердің бәрі – ұлттық экономиканың сапалы өсімінің айқын дәлелі.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында да оң өзгерістер бар. Еліміздің транзит әлеуеті артып келеді, адам капиталы қарқынды дамып жатыр. Жер-жерде жаңа тұрғын үйлер мен қажетті әлеуметтік инфрақұрылым салынып жатыр. Балаларымыз жан-жақты жабдықталған заманауи мектептерде білім алады. Ауыл тұрғындары да сапалы медициналық қызметке кеңінен қол жеткізіп отыр. Парламентте қабылданған заңдар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы теріс үрдістерге тосқауыл қойды. Қазір үлескерлердің шағымдары да естілмейтін болды.
Ең басты нәтиже – халықтың әл-ауқаты артып келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың өмір жасының ұзақтығына тікелей әсер етіп отыр. Ол алғаш рет 75,9 жасқа жетті. Жаңадан салынған медицина нысандары ана мен бала өлімінің азаюына ықпал етті.
Осы орайда «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы еліміздің барлық өңірін аралап, жер-жерде нақты өзгерістер бар екенін өз көзімен көріп қайтты.
Коалиция мүшелері халықпен, еңбек ұжымдарымен және қоғам белсенділерімен кездесулер өткізді. Барлық кездесуде жұрттың ойы бір жерден шықты. Олар оң өзгерістерді көріп, сезіп отыр. Сол үшін Президентке шынайы алғыстарын айтты. Осындай көңіл күй барлық өңірде сезіледі. Сондықтан қазірдің өзінде сауалнамаға қатысқан респонденттердің 86,5 пайызы жаңа Конституцияны қолдауы кездейсоқ емес.
Осы жетістіктердің бәріне әлемдегі қиын геосаяси жағдайға қарамастан қол жеткізуіміз айрықша маңызды. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған байыпты, теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаттың арқасында елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтау мүмкін болып отыр. Бүгінгі таңда шекарамыздың маңында жаңа қақтығыстар туындап жатқан кезде елдегі бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін терең түсінесің.
Яғни қазіргі әлемдегі күрделі жағдайларға, жаһандық экономикалық дағдарысқа және ішкі сын-қатерлерге қарамастан, еліміз тұрақты дамып, прогресс жолында батыл алға басып келеді.
Мыңдаған отандасымыз шиеленіс ошақтарында қалып қоймай, өз Отанына кедергісіз оралған кезде мемлекеттің қамқорлығын ерекше сезінесің.
Бұл Қазақстан азаматы қай жерде жүрсе де, өз еліне керек әрі қымбат екенін, әрдайым мемлекеттің қорғайтынына сенім арта алатынын көрсетеді. Өз азаматына деген осындай көзқарас жаңа Конституцияның негізі болып қаланды. Адам, оның өмірі, құқықтары мен еркіндіктері мемлекет үшін мызғымас құндылыққа айналды.
Мемлекет басшысы президенттікке кіріскен күннен бастап, халықтың тұрмысы мен әл-ауқаты ауқымды реформалардың басты әрі бұлжымас басымдығы екенін атап өткен еді.
Сондықтан бұл басымдық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі принциптерімен үндесіп, ең жоғары конституциялық деңгейде бекітіліп, айнымас сипатқа ие болып отыр. Өңірлерде өткен кездесулерде дәл осы жаңашылдық халықтың жүрегінен ерекше орын алғанын көрдік.
Жалпы, Мемлекет басшысы Конституцияның әр тарауы мен әр бабын мұқият қарап, конституциялық комиссияның барлық ұсынысын жан-жақты зерделеді. Комиссия мүшелерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, Ата заңға қатысты барлық жұмыстың бағыт-бағдарын өзі айқындап отырды.
Президент жаңа Конституцияны бүге-шігесіне дейін терең түсініп отырғаны ерекше байқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір маңызды новелла бойынша өз ойын ашық айтып, оның мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуы үшін қаншалықты прогрессивті екенін егжей-тегжей түсіндірді.
Осы жылдар ішінде біз Мемлекет басшысының әрдайым болашақты бағдарға алатынына көз жеткізіп келеміз. Президенттің атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі идеялары – оның прогрессивті көзқарасы мен парасатының айқын көрінісі.
Жақында ғана Мемлекет басшысының тапсырмасымен мен Парижде өткен Ядролық энергетика жөніндегі дүниежүзілік саммитке қатыстым. Онда еуропалық саясаткерлер азаматтық атом энергиясын қолданудан бас тарту туралы шешімдері қате болғанын ашық мойындады. Ал отандастарымыз Президенттің атом электр стансаларын салу жөніндегі батыл идеясын бір жарым жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда қолдады. Біз бұл жұмысқа қазірден кірісіп кеттік.
Уинстон Черчилл айтқандай, саясаткер келесі сайлауды ойласа, мемлекет қайраткері – келер ұрпақты ойлайды. Мемлекет қайраткерін саясаткерден ерекшелейтін де дәл осы қасиет.
Мемлекет басшысы әрдайым жастарға зор үміт артады. Ол жастармен үнемі бір толқында, қазіргі трендтерді жақсы түсінеді. Сондықтан да әр сөзінде жастарға ерекше тоқталады. Президенттік жастар кадрлық резерві іске қосылды, дарынды жастарды қолдауға арналған инфрақұрылым қалыптасты. Барлық өңірде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, әрбір отандасымызға шетел аспай-ақ, қомақты қаражат жұмсамай-ақ, өз елінде заманауи білім алуға нақты мүмкіндік беріліп отыр. Ол туралы бізге, әсіресе, алыс ауылдар мен моноқалаларды аралаған кезде жұртшылық тарапынан көп айтылды.
Бұл тарихи сәтте де Мемлекет басшысы тағы да жастарға үн қатып, олардың ерекше жасампаз күш-жігеріне сенім артып отыр. Өйткені жаңа Конституция, ең әуелі жастарға, келер ұрпаққа деген қамқорлықпен жазылған.
Халықаралық архитектура көз алдымызда құлдырап, орныққан сауда-экономикалық және мемлекетаралық саяси байланыстар үзіліп жатқан күрделі кезеңде ел тізгінін ұстап отырған Президентіміз қазіргі жаһандық сын-қатерлердің табиғатын терең түсіне отырып, жаңа Конституцияның әр нормасын мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізді жан-жақты нығайтуға бағыттау үшін бар күш-жігерін салды.
Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа халық Конституциясының жобасы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын келешегіне берік әрі мызғымас іргетас болады.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Мәжіліс төрағасы