• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:50

Шыны зауытындағы бірегей жобалар

10 рет
көрсетілді

Өңірде отандық өндірістің әлеуеті тәй-тәйлап болсын, артып келеді. 2003 жылы іргесі қаланған шыны құрылыс зауыты бүгінде аймақтағы жетекші өндіріс орындарының біріне айналған. Зауыт көлік жасау мен тау-кен саласынан бастап, қарапайым құрылысқа дейін қолданылатын сан алуан шыны бұйымдарын шығарады. Заманауи жабдық пен білікті мамандардың арқасында мұнда тапсырысқа қарай бірегей жобалар да жүзеге асады.

– Біздің зауытта жүзге жуық маман жұмыс істейді. Үш цех бар. Бірі автокөлік шыныларын жасаса, екіншісі алюминий конструкцияларды құрастырады. Үшінші цех шыны пакеттерді өндіреді әрі шыныларды шыңдайды, – деген кәсіпорын директоры Айдар Мамиев жалпы жұмыстың қыр-сырын сипаттап берді. 

Кәсіпорынның өнімдері мемлекеттік стандарт талаптарына толық сай келетін­діктен, өңірдегі ірі өндіріс орындарымен әріптестік орнатқан. Шынымен қап­талған көпқабатты тұрғын үйлер мен ғи­мараттардың жарқ-жұрқ еткен шынысы осы зауытта өндіріледі. Кәсіпорындағы қажетті құрал-жабдықтардың барлығы дерлік заман талабына сай. Шыныдан сапалы өнім шығару өз алдына, оны өңдеу технологиясы да – үлкен жұ­мыс. Мамандардың айтуынша, әр мил­лиметрдің дәлдігі, жиектерінің тегістігі – қауіпсіздік кепілі. Сондықтан шыныны ең алғашқы өңдеу сатысынан бастап асқан жауапкершілік қажет.

Әлбетте, жұмыстың дені компью­тер көмегімен жүзеге асады. Өнімнің пішіні айқындалып, техникалық пара­метр­лері нақтыланады. Цифрлық бас­қару жүйесімен шыны қажетті өлшем­ге келтіріліп қана қоймай, күрделі пішін­дер кесіліп, сәндік өрнектер түсіріледі. Мұн­дай технология адам еңбегін жеңіл­детіп, өнім сапасын жаңа деңгейге көтер­ген. Мәселен, фрейзерлік аппаратпен кез келген көлемдегі шыныны кесіп, тап­сырысқа қарай түрлі өрнек салуға болады.

– Бұл құрылғы Италиядан әкелінген. Шыныны 100 мм дейінгі өлшемде өңдей алады. Қазір жуыну бөлмесіне қоятын кабинаның шынысы өңделіп жатыр. Сыртқы контурды жонамыз, қауіпсіздік үшін оған еурожиек жасаймыз, тұтқаға арналған орынды бұрғылаймыз. Сөйтіп, дайын өнім болып шығады, – дейді кәсіпорын қызметкері Руслан Нәзби.

Әйнекті жабық кабинада өңдеу уақыты орташа есеппен 20–25 минутқа созы­лады екен. Шыны тазартылып, өнді­рістік желіге жіберілгеннен кейін құрас­тыру жұмысы басталады. Бұл кезең­де әр әрекет нақты есеппен, техно­ло­гиялық талапқа сай орындалады. Автоматтандырылған жүйе өнімнің сапа­сын бірқалыпты сақтап, оның берік­тігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Зауыт ұжымы технологиялық мүмкіндіктерін үнемі жаңартып, заманауи қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосып келеді. Жуырда кәсіпорынға жаңа желі орнатылған. Бұл – шыны пакеттерін дайындауды толық автоматтандырып, өнімнің беріктігі мен жылу сақтау қасиетін арттыруға арналған кешенді құрылғы. Айта кетейік, кәсіпорын жуырда ғана 80 млн теңгеге жаңартылған құрылғы орнатқан.

– Бұл құрылғы Түркиядан әкелін­ген. Ең әуелі шыныны жуып, ауамен құр­ғатады. Содан кейін барып, өл­ше­міне қарай кесіледі, жақтаулары жабыс­­тырылады. Жақтаулары арнайы желім­­мен жабыстырылғандықтан, суық өткіз­бейді. Әсіресе Шығыстың ауа райына лайықталған, – дейді кәсіпорын қыз­меткері Қайрат Сүлейменов.

Жоғарыда айтқандай, шыныны шың­дау кезеңін де көрдік. Яғни әдеттегі әйнектің беріктігін бес-алты есе арттыратын арнайы термиялық өңдеуден өткізеді екен. Өңделген шыны жылу мен соққыға өте төзімді болады. Шыны сынған жағдайда үлкен кесектерге бөлінбей, күл болып түседі. Мұндай шыны құрылыспен қатар, автокөліктерге де қолданылады. Оның үстіне оны кез келген түске бояуға болады.

Ірі кәсіпорын болғандықтан, арнайы мамандар автокөліктер мен түрлі техни­калардың терезесін жөндеумен де айналысады. Тас тиіп шытынаған шыныны да жасап, дұрыстап береді. 

– Біз көліктің әйнектерін дайындау-мен де, орнатумен де айналысамыз. Әйнек арнайы қалыпта балқытылып, көлікке лайықталады. Автокөлік тере­зесі­нің бір ерекшелігі, әйнектің арасына үлбіреген пленка орналастырылады. Егер қандай да бір жол-көлік оқиғасы болса қалса, мұндай шыны жан-жаққа ұшып, жолаушыға қауіп төндірмейді. Шыны дайын болған соң мамандар барлық бөлшекті қайта жинап, орнына қояды. Одан кейін әйнек 24 сағат кебеді, – дейді Михаил есімді жұмысшы.

Сондай-ақ кәсіпорында қоғамда жоғары сұранысқа ие пластикалық терезе шығарумен де айналысады. Бұ­ған қажетті кейбір материалды отан­дық өндірушілерден алады. Цехта құрастырылып, тұтынушыға жөнелтіледі.

Басқа қалаларды қайдам, Өске­мендегі он-он бес қабатты ғимарат­тардың жарқ-жұрқ етіп қапталып жатқаны осындағы өндірушілердің еңбегі екеніне көз жетті.

 

ӨСКЕМЕН 

Соңғы жаңалықтар