• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:28

Ата-анаға құрмет – елдік қасиет

10 рет
көрсетілді

Конституцияның жаңа нұсқасына кәмелетке толған, жұмыс­қа қабі­лет­ті ұл-қыздың еңбекке жарамсыз ата-ана­ларына қам­қорлық жасау міндетін бекіту туралы норма түрлі пікір тудыр­ды. Бірі мұны мемлекеттің аза­мат­­­тардың жеке өміріне шамадан тыс араласуы деп са­­наса, енді бірі мұны заман талабы деп қабылдады. Бірақ бұл нор­­маның мәні тек құқықтық емес, терең адами, құн­ды маңызға ие.

Мұндай норма қазіргі қол­даныстағы (27-баптың 3-тар­мағы: «Кәмелетке толған ең­бекке қабілетті балалар ең­бек­ке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті»), сондай-ақ 1993 жылғы Конс­титуцияда да (51-бап) бекі­тілген. Жаңа Конституция жоба­сында бұл ереженің сабақ­тастығы 30-баптың 4-тарма­ғында көрсетілген.

Біз қандай қоғам құрғы­мыз келеді? Әр адам тек өз мүддесін көздейтін, жеке өмір сүретін қоғам ба, әлде ұрпақ сабақтастығы бекем, ұлттық құндылығы сақталған қамқор қоғам ба? Осы сұ­рақ­қа жауап іздеу барысында біз конституциялық нор­ма­лардың рөліне жаңаша көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Қазақ хал­қының мың жылдық тарихында ата-ананы құрметтеу, қарттарды қастерлеу тек әдет-ғұрып емес, рухани негіз болған. Бұл ұрпақ сабақтастығын, отбасының тұтастығын, қоғамдық тұрақ­тылықты қамтамасыз ететін құнды жүйенің өзегі еді. Ата-ананы қастерлеу арқылы бала өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай құн­ды­лық­тарды ұстануы керек­тігін түсінеді. Алайда заманауи өмірдің қарқыны, урбанизация, жаһандану үдерісі бұл байланыстарды әлсіретіп жібер­гендей. Қалаға қоныс аудар­ған жастардың дені ата-аналарын ауыл-аймақта қал­дырып кетуге мәжбүр. Ал уақыт өте бұл қашықтық тек географиялық емес, эмоциялық алшақтыққа айналып барады.

XXI ғасырдағы маңызды демо­гра­фиялық үрдістің бірі – халықтың қар­таюы. Елімізде де қарттар саны жыл са­йын артып келеді. Кейінгі он жылда (2015-2025 жылдары) 65 жастан асқандар саны 1,2 миллионнан 1,9 миллионға дейін өсті. Олардың халық ішіндегі үлесі 6,8-ден 9,2 пайызға дейін көбейді. БҰҰ болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай елімізде қарттар саны 3,7 миллионға жетеді, бұл – шамамен 13,8%.

Қарттар санының артуы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түсетін жүктемені де біртіндеп көбейтіп отыр. Қазіргі уақытта еліміздегі 45 мемлекеттік стационарлық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 6 694 зейнеткер тұрады. Сонымен қатар былтыр арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда (стационарлық, жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсету нысандарында) 33 989 зейнеткер бар.

Мамандарды алаңдататын тағы бір мәселе – қарттарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық. Отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу жөніндегі жаңа ұлттық баяндамада рес­понденттердің 26,7 пайызы қарттар отбасында жиі зорлық-зомбылыққа ұшы­райды деп көрсеткен. Зерттеу нәтижелерінде  ел  тұрғын­да­ры­ның 24,2%-ы қарияларға немесе мүгедектігі бар жандарға отбасында қатыгездік жасалған жағдайлар туралы естігенін айтқан. Бұл сандар қарттарды қорғау мәселесі әлі де өзекті екенін айғақтайды.

Конституцияға осы міндетті енгізу қарттарға көмектесудің нақты тетігін жасау ғана емес, негізгі мақсат – қоғам санасында ата-ананы құрметтеу құндылығын нығайту, отбасы жауапкершілігін естен шы­ғар­мау. Халықтың қартаюы мен әлеуметтік жүйеге түсетін жүктеме артқан тұста мемлекет пен отбасының жауап­кер­ші­лігін тең бөлу маңызды.

Конституция – құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, ол қоғамның рухани, адам­гершілік бағдарын айқын­дайтын негізгі құжат. Әр қоғам өзінің әлсіз топтарына, әсіресе қарттарға деген қарым-қатынасы арқылы бағаланады. Егер біз үлкенді құрметтейтін, ата-ананы қа­дір­­лейтін, отбасылық бай­ланысы берік қоғам қалып­тас­­тырғымыз келсе, бұл құн­ды­лықты конституциялық деңгейде бекіту ләзім.

 

Қарақат ӘБДЕН,

Мәжіліс депутаты

Соңғы жаңалықтар