• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 08:00

Қаламгердің таңдамалысы таныстырылды

10 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада белгілі жазушы-публицист, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Шархан Қазығұлдың 70 жас мерейтойына орай жарық көрген «Таңдамалы» жинағының тұсаукесері өтті.

«Әлем әйнегіндегі әсем­дік», «Дүбәра дүние», «То­ғыз тарау туынды», «Оңа­шадағы онлайн ойлар», «Па­литрасыз портреттер», «Футбол философиясының фраг­менттері», «Шалахметов шеңбері», «Сегізінші нота» және тағы басқа публицистикалық кітаптарымен, сондай-ақ «Меценат» әдеби байқауының жеңімпазы атанған «Күлпет» атты романымен оқырманға жақсы таныс Шархан Қазы­ғұлдың 70 жасқа толу мерейто йына орай өткізілген іс-шарада алғашқы сөз алған Президент кеңесшісі, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бауыржан Омаров мерейтой иесіне Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ қаламгерге Мәжіліс төр­ағасы Ерлан Қошановтың, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Премьер-министр орынбасары – Мә­дениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары табысталды.

Шархан Қазығұлдың жеті бөлімнен тұратын «Таң­да­малысына» әр жылдары жазған көркем шығармалары мен нон-фикшн жанрында жа­зылған публицистикалық дүниелері топтастырылған. Атап айтқанда, «Меценат» әдеби сыйлығына лайық болған «Күлпет» романы мен екі әңгімесі, кезінде оқырмандардан жоғары бағасын алған «Оңа­шадағы онлайн ойлар» туындысы, әдебиет, өнер және журналистика саласындағы танымал тұлғалар туралы эсселері жинақталған. Тұлғалар образын ашуда өзіндік стилі қалыптасқан автордың жатық тілі мен жазу шеберлігі кітаптың мазмұны мен құрылымын аша түскен. Сонымен қатар таңдамалы жинақтан орын алған мөлтек портреттер мен «Футбол философиясының фрагменттері» туындысы да оқырман қызығушылығын туды­ратыны анық.

Іс-шара барысында автор мен оның шығармашылығы туралы зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен қоғам қай­раткерлері өз ойларын ортаға салды.