Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың назарын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларын орындаудың маңыздылығына аударды, деп жазады Egemen.kz.
Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Бұл ретте қалаларда қолайлы, жайлы ортаны қалыптастыруға көңіл бөлу керек. Мектептер мен балабақшалар, ауруханалар жақын әрі қолжетімді болуы тиіс. Тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүруі керек. Ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар моноқалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу қажет», деді Олжас Бектенов.
Өтемдік тариф: Қарағандыда коммуналдық қызмет бағасы 2027 жылға дейін төмендетілді
Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «Бәйтерек» холдингіне әкімдіктермен бірлесіп, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды іске асыруды жандандыру тапсырылды.
Айта кетейік, биыл елімізде 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Елімізде тұрғын үй құрылысын дамытуға осы жылы шамамен 2,4 трлн теңге бағытталып отыр.