Аналар мен арулар мейрамында ұжымдағы қыз-келіншектерді құттықтауды «Қазақ газеттері» серіктестігі әдеттегідей «Egemen Qazaqstan» ғимаратында ұйымдастырды. Осындағы «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газетінің ерлері ару әріптестерінің қолына гүл ұстатып, жырдан шашу шашып, ән салып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Әуелгі амандықтан соң, ақын Жүрсін Ерманның «Әйелге ода» жырын әр журналист екі жолдан айтып, бір-бірінен іліп әкетіп оқығанда, өлең құлпырып шыға келді. «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы әріптес аруларды мерекесімен құттықтады. «Бұл мерекені аналар мен арулар мейрамы деп айтқанды құп көремін. Мерекенің сыр-сипаты осы сөзге сияды деп ойлаймын. Біз айналамызға, әсіресе әйелдер қауымына, аналарымыз бен апа-қарындас, жеңгелерімізге асқан ілтипатпен қараған сайын әлем де құлпыра түседі. Сіздердің отбасындағы еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің өзі жеңіл емес. Ал қалам ұстаған журналистика мамандығын тізгіндегенде, бұл жауапкершілік еселене түсері белгілі. Сондықтан күш-қуаттарыңыз арта берсін. Аналар мен арулар мейрамы құтты болсын!», деді серіктестік басшысы. Қаптал сөйлеген бас директордың орынбасарлары Виктор Пряников пен Қамбар Ахмет те осы мәнде үн қатып, қысқа қайырды.
«Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев әжептәуір ән салатынын басылым оқырмандары білмейтін шығар. Қалам ұстағандардың бір қасиеті артық шығатыны бар. Бұрын гитармен ән шырқайтын Сәбең осы жолы эстрада жанрында әуелетті. «Egemen Qazaqstan» газеті интернет бөлімінің тілшілері Абзал Мақаш пен Шыңғыс Мұқаев салған жерден дуэтпен бастап еді, топтасқан қыз-келіншектер «жұп болсынға» басты. Шәмшінің «Әнім сен едің» туындысын аяқтаған екеу «Сен сұлуға» салғанда әйелдер қауымы қосыла шырқады. Қос редакциядағы ақын жігіттер қазақ, орыс тілдерінде өлең оқып тамашаға қалдырды. Мерекелік салтанатты кештің соңы көпшілік биге ұласты.