Алаш қозғалысынның көшбасшысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына – 160 жыл. Ол азаттықты аңсап, туған елінің саяси тұтастығы мен бекемдігі жолында жанын құрбан етті. Жұртының мұрасын түгендеп, мұратын айқындады. Алаш ұғымын елдік һәм мемлекеттік рәмізге айналдырған тұлғаның құрметіне Астанадағы зиялы қауым үш арыс – Әлихан, Ахмет, Міржақып ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Іс-шараға Alash.kz ұлттық порталы мұрындық болды.
Салтанатты іс-шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай қатысып, Алаш руханияты туралы сөз сөйледі. «Әлихан Бөкейхан және ол түйіндеп берген идея нәтижесінде қазақтың тәуелсіздік нысанасы бекіді. Ол қазақтың мүддесіне кешегі күні қызмет еткен, бүгін де, ертең де қызмет ете береді. Ұлт көшбасшысының өмірі мен шығармашылығына байыпты көзқарас, сындарлы зерттеу әлі де қажет. Жұрт ісіне жұмылатын жастар барда Әлекеңнің тіккен туы қашанда биік болады», деді Т.Жұртбай.
Расында, Әлихан Бөкейхан батқан күннің шұғыласына емес, атар таңның шапағынан көп үміт күтті. Оқыған жастарға сенім артып, ел келешегін солардың білім-білігі мен азаматтық жауапкершілігіне тапсырды. «Біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз» деп аруақты бабаларға иық тірей отырып, «алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді» деп ертеңге елжірей қарайды. Салтанатты рәсімде алаштанушы, профессор Айгүл Ісмақованың да сөзі осы ойды қуаттады.
«Біз бейбіт халықпыз. Сонымызбен басқаға үлгі көрсетіп келеміз. Адамдық мұратты бәрінен жоғары қоятын толерантты, зайырлы мемлекет – елдің бақыты. Мұның басында Әлихан Бөкейхан тұжырымдаған Алаш идеясы тұр», деді А.Ісмақова.
Елордадағы тағылымды іс-шара сол күні түрлі форматта жалғасын тапты.