Астана қаласында шығу тегі белгісіз және сапасы күмәнді ет өнімдерін заңсыз сатудың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Қала аумағында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері сауда орындарына жеткізілетін ет өнімдерінің заңды шыққан жерін анықтау және олардың ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында рейдтер жүргізуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың денсаулығын қорғау және елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Тексеру барысында антисанитариялық жағдайда мал сойылып, ветеринариялық бақылаусыз әрі тиісті құжаттамасыз ет өнімдерін сату үшін дайындалған бірнеше жасырын цех анықталды.
Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан шамамен 3 мың тонна ет өнімі тәркіленіп, кейін олар белгіленген тәртіппен «Астана-Ветсервис» ШЖҚ МКК мамандарымен бірлесіп жойылған.
Тоқаев: Қазақстан Азия үшін ет өнімдерінің ірі экспорттаушысы бола алады
Сондай-ақ жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы қосалқы құрылыстарда заңсыз жұмыс істеген жасырын анықталды. Онда рұқсат құжаттарынсыз және ветеринариялық бақылаудан өтпеген ет өнімдерін өңдеу, сақтау және өткізу жұмыстары жүргізілген.
Тексеру кезінде ет өңдеуге арналған жабдықтармен қатар ветеринариялық анықтамасыз ірі және ұсақ малдың 60 басы, тұтас ет, тұяқтар және басқа да бөліктер табылды.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша тексеру жүргізіліп, іске қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Олар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылмақ.
Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Полиция тұрғындарға ет өнімдерін сатып алу кезінде оның заңды шыққанын растайтын ветеринариялық анықтамаларға, ілеспе құжаттарға және таңбалануына мұқият қарауды ескертеді. Рұқсатсыз сатылған өнімдер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.