Елімізде конституциялық реформаларды көпшілікке түсіндіру жұмыстары қарқын алды. Соның бірі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бас кеңсесінде өтті. Жаңа Ата заң жобасы талқыланған кездесуде ұсынылып отырған өзгерістердің мән-маңызы мен мемлекет дамуына ықпалы айтылды.
Компания қызметкерлері, еншілес және тәуелді компания басшылары қатысқан іс-шарада Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Мұрат Әбенов, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлы конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарын түсіндірді. Олар ұсынылып отырған өзгерістердің мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге, демократиялық институттарды нығайту мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталғанын айтты. Жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жаңғыртып, қоғамдық қатынастарды одан әрі дамытуға жол ашады. Құжат қабылданған жағдайда еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуына жаңа серпін беріп, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Компания басшысы да Конституция жобасын әзірлеу барысында қоғам пікірі ескерілгенін, кең ауқымды сараптамалық талқылаулар жүргізілгенін атап өтті. Түрлі сала мамандары, заңгерлер мен қоғам белсенділері атсалысып, азаматтардан түскен ұсыныстар да назарға алынған.
«Бүгінде еліміз маңызды тарихи кезеңнің алдында тұр. Конституциялық реформа заң үстемдігін нығайтып, билік тармақтарының теңгерімін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған», деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Кездесу соңында Конституциялық комиссия мүшелері қатысушыларды 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырып, бұл саяси оқиға елдің болашағын айқындайтын тарихи қадамдардың бірі екенін айтты.