• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 21:25

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Шиеленіс аймақтарынан 946 отандасымыз шығарылды

10 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселелеріне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігер салынып жатқанын және кез келген жағдайда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат түскен жоқ.

«Қазақстандық дипломаттар Орталық аппаратта да, өңір елдерінде де тәулік бойы жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандастарға қажетті көмекті ұйымдастыру жөніндегі барлық жұмысты жедел үйлестіретін арнайы штаб құрылды.

Азаматтардан эвакуациялау үдерісін ұйымдастырудың күрделілігіне түсіністікпен қарап, Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуді сұраймыз.

Эвакуация жұмыстары кезінде зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеулері бар адамдарға басымдық беріледі», деді ол брифингте. 

Ресми өкілдің мәліметінше, бүгінгі таңда Иранда – 47, Израильде – 163, Қатарда – 3000-нан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 4000-нан астам, Сауд Арабиясы Корольдігінде шамамен 1800 Қазақстан азаматы бар.

Аталған елдердегі азаматтармен тұрақты түрде байланыс бар жағдайдың дамуына қарай қажетті ұсынымдар берілуде.

Министрлік уәкілетті органдармен бірлесе азаматтарымыз үшін эвакуациялық рейстерді пысықтады. Бүгінгі күнге дейін шиеленіс аймақтарынан 946 азамат шығарылды.

«Жақын арада Маскат қаласынан Алматыға 314 азамат бар рейс келеді. Кейін дәл осы бағыт бойынша шамамен 230 қазақстандықты қамтитын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша, Оманнан елге 500-ден астам Қазақстан азаматы оралады деп күтіледі. Сонымен қатар бүгін Джидда – Атырау және Джидда – Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған, олармен 326 азамат елге қайтарылады», дейді Ерлан Жетібаев. 

Әуе рейстерінен бөлек, қазақстандықтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы шетелдік мекемелер 15 азаматтың Иран-Түрікменстан шекарасы арқылы өтуін қамтамасыз етті. Одан әрі оларға Ақтауға жету үшін қажетті көмек көрсетілді.

Сонымен бірге Тегеран мен Еревандағы дипломаттар «Заркух» компаниясының қалған 35 қызметкерінің Ираннан шығуын ұйымдастырды. Олар автобуспен Иран-Армения шекарасын кесіп өтті.

«Әуе кеңістігіне қойылған елеулі шектеулерге байланысты белсенді әскери іс-қимылдар тоқтап, жағдай толық қалыпқа келгенге дейін Таяу Шығыс өңір елдеріне сапарлардан бас тартуға қатаң түрде кеңес береміз.

Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқаулары мен ұсынымдарын орындауға, сондай-ақ Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтарымен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен байланыста болуға тағы да шақырамыз», дейді өкіл. 

Дубай қаласынан 306 жолаушы елге оралды

Оның айтуынша, азаматтарымыздың қауіпсіз түрде елге оралу мәселесі мемлекет үшін басымдық болып қала береді.

Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпан, сенбі күні таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай отыр. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар