• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:50

Аида Балаева: Президент – жаңа Конституцияның негізгі авторы

20 рет
көрсетілді

Өскемен қаласында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпы­ұлттық коалициясы өкілдері шығармашыл, ғылыми және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен, сонымен қатар жастармен кездесті. Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды.

Кездесуге Мәжіліс депутаттары Ұлықбек Тұмашинов пен Сергей Поно­марев, Қазақстан Кәсіподақтар феде­рациясының төрағасы Сатыбалды Дәуле­талин, «Еуразия» бірінші арна­сының баспасөз хатшысы Полина Шиманская, С.Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген және өзге де азаматтар қатысты.

Жиында негізінен жаңа Консти­туция жобасы мен 15 наурызда республикалық референдумды өткізу жайы талқыланды. Жалпыұлттық коа­лиция осымен он сегізінші күн ел ара­­лап, Мемлекет басшысының жаңа Ата заң бойынша референдум өткізу бастамасына қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізген Аида Балаева жаңа Конституция жекелеген өзге­рістерді емес, еліміздің одан әрі даму жолын стратегиялық тұрғыда айқындайтынын ерекше атап өтті.

– Небәрі 13 күннен кейін бүкіл халық болып мемлекетіміздің алдағы көпжылдық тағдырын ресми түрде айқындаймыз. Мән-мазмұны жағынан да, мақсат-мүддесі тұрғысынан да жаңа Конституцияны шын мәнінде «Халықтық» деп атауға толық негіз бар. Өйткені оның өзегінде қарапайым азаматтарымыздың көкейінде жүрген көп сұраныс көрініс тапты.

Атап айтқанда, азаматтық құқық­тар­дың едәуір кеңеюі, олардың әлеу­меттік мүдделерінің толық сақталуы, ілім-ғылым, инновация, мәдениет пен жал­пы руханияттың салтанат құ­руы, ел экономикасының цифр­лық дәуір­дегі орны мен оған берер жауа­бы. Айта берсек, бұл тізім Консти­ту­­цияның барлық 96 бабын тұтас қам­­титын жаңалықтармен жалғаса бере­ді, – деді Премьер-министрдің орын­басары – Мәдениет және ақпарат министрі.

А.Балаеваның пікірінше, жаңа Ата заңымыздағы ең басты новелла – тұтас қоғамның заңдылық пен әділеттілікке деген ұзақ жыл бойы күткен сұра­нысын ең жоғарғы құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету.

Сондай-ақ Аида Ғалымқызы Консти­­туцияның өне бойында Әділет­ті­лік идеясы тұрғанын, ол Ата заң мәтініндегі әрбір жаңа нормаға рух беретінін атап өтті.

– Жаңа Конституциядағы прогрес­сивті жаңалықтар туралы айтқанда, 96 бап пен 312 тармақтан тұратын осы құжаттың өзегіндегі ең басты мәселені атап өткім келеді. Ол – Әділет идеясы. Дәл осы ұстаным Негізгі заңның кіріспесінде айқын көрініп тұр.

Әңгіме жай ғана заңнамалық нормалар туралы емес, бұл – адамдардың әділетті өмірге деген заңды әрі таби­ғи сұранысы туралы сөз. Ал мұн­дай өмірді тек «әділ заңдар», «жал­пыға ортақ мойындалған тәртіп» пен қоғамның жоғары рухани-адамгершілік қағидат­тары ғана қам­тамасыз ете алады. Мұ­ның бәрі – 2019 жылдан бері, билік­ке келген алғашқы күннен бастап Президент жүргізіп келе жатқан мемлекеттік саясаттың негізіне айнал­ған құндылықтар. Осы кезең бойы Қасым-Жомарт Кемелұлы құқық­тар мен мүмкіндіктер теңдігін ту етіп, жауапкершілік пен әділетті ұш­тас­­тырған «Әділетті Қазақстан» тұжы­рым­дамасын нық сеніммен алға жыл­жы­тып келеді, – деген А.Балаева «Әділет – қуатты прогрессивті қоғам құру жолында заң мен тәртіптің мүл­тік­­сіз сақталуын әрі адал еңбекті талап ететін мемлекеттің моральдық темір­­қазығы» деген тұжырымды Мем­ле­кет басшысы 2022 жылы, қаңтар оқиға­сынан кейін бірден айтқанын атап өтті.

«Алайда саяси-құқықтық ой-пікірдің тарихын, ондағы мінсіз қоғам туралы белгілі идеяларды терең түсінетін озық ойлы тұлға ғана емес, азаматтардың мәселелерімен көп жыл бойы тікелей айналысқан мемлекет қайраткері әрі қарапайым халыққа жақын адам ретінде Президент Тоқаев бұл құндылықтарды аталған оқиға­лардан әлдеқайда бұрын ұстанып келгені бүгін анық байқалып отыр. Президенттің саяси қағидаттары мен жеке адам ретінде бастан кешкен ішкі сезімдерінің бүкіл рухани қырын оның «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан көре аламыз. Онда Мемлекет басшысы «Біз 30 жылда қандай жетістікке жеттік?», «Болашақ ұрпаққа қандай ел қалдырамыз?», «Мемлекеттігімізді нығайту үшін тағы не істеу керек?» деген баршамызды толғандырған сұрақтар төңірегінде ой толғайды. Шындығында Мемлекет басшысы осылайша елді өзгеріс­терге, ең алдымен оның құқықтық негіз­дерін жаңартуға бастаған қазіргі шы­найы жағдайларда дәлелі табылуы қиын сұрақ­тарға ашық жауап беруге шақыр­ды. Бұл тұрғыда абстрактілі ұғым­дарға емес, әділет қағидаттары­на сүйену, әсіресе адамдардың өмір сапа­сын арттыру маңызды. Президент әр­бір шешім қабылдағанда осы қағи­дат­ты басшылыққа алатынын айтады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Сондай-ақ Президенттің сонау 2019 жылдан бері әрбір Жолдауында, әрбір бастамасында «Әділетті Қазақстанды» құрайық», «тәні де, жаны да таза қоғам қалыптастырайық», «азаматтарымыз тәр­тіпті, билік заңды ұстансын», «білім мен ғылым – қару, мәдениет пен ру­ханият – қалқан болған мына заман­да әлемнен қалмайық», деп келе жат­қаны да сондықтан екенін айрықша атап өтті.

Аида Балаеваның айтуынша, осының бәрі бір ғана мемлекеттің мой­нында емес, ең алдымен сол мемле­кетті күшті де қуатты ететін азамат­тарымыздың қолында екені анық. Сол үшін де Мемлекет басшысы «Адал азамат» идеясын қоғамның санасынан өткізіп, өскелең ұрпақтың жүрегіне жеткізуді міндет етіп отыр. Өйткені адал адам өз ортасы­­­ның ұйтқысы болса, адал қоғам – бе­рекелі өмірдің жаршысы, ал адал мемлекет – баянды болашақтың басты кепілі!

Сөз жоқ, оның ұшар биігінде әділетті, прогрессивті, адам мен аза­мат­тың мүддесіне бейім заң тұр. Бірақ заң – көбіне сыртқы құрылым ғана, және ол негізі мықты болмаса жұмыс істемейді. Бұл – өмірдің аксиомасы. Сондықтан алдымен саяси реформалар пакеті жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде президенттік өкілет мерзімін қайта сайлану құқын­сыз 7 жыл мерзімге белгілеу, Прези­денттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет пен квазимем­лекеттік сектор басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салу, сайлауда Мәжіліске партиялардың өтуіне мүмкіндік беретін дауыс шегін 7%-дан 5%-ға төмендету, саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, «Барлығына қарсы» бағанын енгізу сияқты жаңашылдықтар енгізілді.

Сонымен қатар Конституциялық сот қайта құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі күшей­тілді, оның аймақтық өкілдіктері ашылды, аудан және облысқа бағыныс­ты қалалардың әкімдерін сайлау және тағы басқа өзгерістер жүзеге асты.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева реформалардың кең ауқымды тізбегіндегі маңызды тармақ­тардың бірі – бірпалаталы Парла­мент­ке көшу болғанын да атап өтті. Ал бұл реформаны Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегінде ұсынған-ды.

– Қазан айының басында Прези­дент бастамашылық еткен реформаны жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар әзір­леу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Кең ауқымды талқылауға заңгер-ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері, сондай-ақ, e-Otinish және eGov платформалары арқылы өз ұсы­ныстарын жолдаған азаматтар қа­тысты. Жарты жылға жуық уақыт бойы қызу әрі жүйелі жұмыс жүр­гі­зіліп, келіп түскен мыңдаған ұсы­­ныс жинақталып, сарапталып, жүйе­лендірілді, – деді А.Балаева.

Ал осы жұмыстың нәтижесінде ұсыныстардың саны соншалықты көп болып, жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі айқындалғанын атап өтті.

– Міне сондықтан, бүгін жаңа Конституция жобасын талқылағанда, біз ауқымды немесе шағын түзетулер туралы айтып отырған жоқпыз. Кей­бір сынаушылар ойлағандай, бұл ескі заңды жаңасымен ауыстыру емес. Тіпті біз белгілі бір құқықтық немесе моральдық категориялардың қажеттілігі туралы да пікірталас жүргізіп отырған жоқпыз.

Біріншіден, сөз елдің дамуы траек­ториясындағы түбегейлі өзгеріс­тер туралы. Біз осы дамудың сапасы жөнінде айтып отырмыз.

Екіншіден, бұл – өр басында Тәуел­сіздік ұғымы тұрған біздің ұлттық құндылықтарымыздың мәңгілігі туралы сөз. Енді біз оны жай қадірлеп қана қоймай, нық сеніммен қорғаймыз.

Үшіншіден, бұл – жан дүниесі таза, ой-өрісі жоғары, әлемде бәсекеге қабілетті Қазақстан азаматтарының жаңа буыны туралы сөз. Олардың ажырамас құқықтары мен бостандықтары қазіргі цифрлық ғасырда ғылым, мәдениет және инновация құндылық­тарымен нығайтылған.

Қорыта келгенде, бұл – ұлттың қазіргі әлемдік тәртіптегі орнын және рөлін қайта қарау деген сөз. Бұл тағдыршешті процесс халқымыздың мыңжылдық тарихында басып өткен жолының сабақтастығы арқылы жүзеге асады.

Ең бастысы бұл идеялық желі ша­ғын топтың кабинетінде пайда болған жоқ. Керісінше, бүкіл халықтың кең қатысуымен ашық диалог арқылы қалыптасты, деген А.Балаева өзінің Конституциялық комиссия бас­шылығы құрамында жұмыс істеу құр­метіне ие болғанын және жаңа жоба баптарын талқылау барысында өткен қызу, кейде эмоцияға толы, бірақ әрдайым сындарлы пікірталастарға тікелей қатысқанын жеткізді.

Сондай-ақ Аида Балаева тарихта алғ­аш рет мемлекеттік тілде, өзге емес, өз конституционалист-маман­да­рымыздың қолымен жазылған Құжатқа қол жеткізгеніміздің де маңыздылығын атап өтті.

– Жаңа Конституцияның негізі Президенттің «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқ­ты тұжырымдамаларынан тұрады. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемел­ұлын елдің Ата заңының негізгі авторы деп атауға толық негіз бар. Мемле­кет басшысы халықтан түскен әрбір ұсы­нысты жеке өзі қарап, сын-ескерт­пелерді де назардан тыс қалдырмай, жан-жақты саралап отырды. Сол себеп­ті Конституциядағы көптеген қағи­д­атты өзгерістер оның бастамасы­мен әзірленіп, Конституциялық комис­сияның қарауына ұсынылды, – деді ол.

Жиын барысында А.Балаева бұл өңір­ге шығысқазақстандық ағайын­нан қолдау сұрап, тек үлкен үміт ар­тып қана емес, берік сеніммен, на­қты ұсыныспен, ел болашағын айқ­ын­дайтын ақжолтай хабармен келіп отырғанын жеткізді. Баршаны алда­ғы келе жатқан референдумда жаңа Конституцияны қолдауға шақыр­ды. Өңір жұртшылығының осы Ата заңды қолдағандарын – болашақ­ты қолдағаны, осы Ата заңды құрметтегендерін – Президенттің еңбегін сыйлағаны деп білетінін айтты.

Жиында Шығыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Нұрымбет Сақта­ғанов жаңа Конституция жобасы ауқымды қоғамдық диалогтің нәтижесі еке­нін, азаматтар мен сарапшылар қауым­дастығының ұсыныстарына сүйе­не отырып әзірленгенін айтты. Мә­жіліс депутаты Ұлықбек Тұмаши­нов бірқатар институттардың тарихи сабақтастығына және билік сабақтастығын қамтамасыз ету міндеттеріне тоқталды. С.Аманжолов атындағы ШҚУ Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген Консти­туция­да адам дамуын негізгі бағыт­тар­дың бірі ретінде айқындау – техноло­гиялық даму мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру секілді заманауи талаптарға сай келетінін атып өтті.

Пікірталас барысында қатысу­шы­лар құжат елдің болашағына айқын бағдар беретінін атап өтті. Мәтін­де адам капиталын дамытуға, білім мен ғылымға, инновацияларға, эколо­гиялық жауапкершілікке және келешек ұрпақ алдындағы міндеттерге ерек­ше мән берілгені айтылды.

Кездесу соңында қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауап берілді. 

Соңғы жаңалықтар