Алматыда «AI SilkNet» Қазақстан-Корея жасанды интеллект орталығы ресми ашылды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған «Қазақстан ғылымы мен технологияларының форсайты: деректерден – шешімдерге» атты стратегиялық сессия аясында іске қосылған жаңа орталық елдегі ғылыми-технологиялық саясатты деректер мен жасанды интеллект негізінде басқаруға бағытталған алғашқы ұлттық платформа.
Салтанатты жиынға 400-ден астам отандық және шетелдік ғалымдар, салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың, индустрия мен бизнес салаларының өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарының басшылары қатысып, ғылымды болжау, технологиялық даму бағыттарын айқындау және предиктивті аналитиканы енгізу мәселелерін талқылады. Іс-шараның басты тақырыбы – ғылымды басқарудың жаңа тәсілі мен жасанды интеллект мүмкіндігін ұлттық ғылыми инфрақұрылымға енгізу болды.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа орталықтың ашылуын ғылымды ұйымдастырудағы сапалы өзгерістің бастамасы деп бағалады. Оның айтуынша, ғылым бұрынғыдай жеке жобалардың жиынтығы емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет ететін біртұтас жүйе болуға тиіс. «Біз ғылымды қаржыландырудың бытыраңқы моделінен бас тартып, ресурстарды стратегиялық басымдықтарға бағыттайтын жаңа архитектураға көшуіміз қажет. «AI SilkNet» осы үдерістің интеллектуалдық өзегіне айналады», деді ол. Академия президенті ғылыми саясат нақты нәтижеге, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және болашақ технологиялық мүмкіндікті алдын ала анықтауға негізделуі керектігін атап өтті.
«AI SilkNet» орталығы Ұлттық ғылым академиясы мен Корей ғылыми-техникалық ақпарат институтының (KISTI) бірлескен бастамасы ретінде құрылды. Ашылу рәсіміне қатысқан KISTI президенті доктор Сик Ли қазіргі әлемде ғылыми жетістік деректерді тиімді талдау мен ұзақмерзімді болжауға тікелей байланысты екенін айтты. «Форсайт және предиктивті аналитика мемлекеттерге технологиялық өзгерістерді алдын ала түсінуге мүмкіндік береді. Қазақстанмен бірлескен бұл орталық ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азия үшін маңызды талдау алаңына айналады», деді Ғылым академиясының президенті.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жаңа платформаның ұлттық ғылым үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Оның сөзінше, «AI SilkNet» ғылыми ақпараттың ауқымды көлемін талдап, жаһандық технологиялық трендтерді анықтауға, патенттік және жарияланымдық аналитика жүргізуге, сондай-ақ түрлі салалардың дамуына арналған предиктивті сценарийлер жасауға мүмкіндік береді. «Ғылым мен технология форсайты – стратегиялық басқару құралы. Ұлттық ЖИ платформасы ғылыми ақпарат көлемін талдауға, ғаламдық технологиялық трендтерді анықтауға, патенттік және жарияланымдық аналитиканы жүргізуге, салалардың дамуына предиктивтік сценарийлер жасауға және ғылыми әрі эксперттік тапсырма- ларға арналған арнайы AI-агенттерді құруға мүмкіндік береді», деді вице-министр.
Жаңа орталық ғылыми, технологиялық және индустриялық деректерді біріктіріп, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың басым бағыттарын негіздеуге бағытталады. Сонымен қатар «AI SilkNet» академияға арнайы ЖИ-агенттер әзірлеуге, стратегиялық баяндамаларды жедел дайындауға және әлемдегі технологиялық өзгерістерді тұрақты сараптауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, бұл ғылым, мемлекет және экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты күшейтіп, ғылыми шешім қабылдауды жаңа деңгейге шығарады.
Стратегиялық сессия барысында өңірлік ғылымды дамыту, форсайт желісін қалыптастыру және ғылыми басымдықтарды айқындауға әкімдіктер мен индустрия өкілдерін тарту мәселелері де кеңінен талқыланды.