Төтенше жағдайлар министрлігі Щучинск қаласында болған оқиғаға байланысты арнайы ведомствоаралық комиссия құрды. Тиісті бұйрыққа ТЖМ басшысы, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Комиссия жұмысына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Әділет, Сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігі қатысады. Комиссия төрағасы – ТЖМ басшысы.
Комиссияға оқиғаның себептерін жан-жақты әрі объективті анықтау, ұқсас жағдайлардың алдын алу үшін нақты ұйымдастырушылық және профилактикалық шаралар әзірлеу, қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша ұсыныстар енгізу міндеттері жүктелді.
Щучинсктегі дәмханада жарылыс болды: 7 адам қаза тапты
Алдын ала мәлімет бойынша, бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Жарылыстан кейін өрт шыққан.
Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері шақырту түскеннен кейін бес минут ішінде оқиға орнына жеткен. Құтқару жұмыстары барысында әрқайсысы 50 литрлік бес газ баллоны мен екі оттегі баллоны қауіпсіз жерге шығарылып, қайталама жарылыстың алдын алу мүмкін болды.
Щучинсктегі жарылыс: Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Өрт сөндірушілер ғимарат ішінен 10 адамды құтқарды. Оқиға салдарынан 28 адам зардап шекті. 13 адам ауруханаға жатқызылды. 8 адамға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. 7 адам қаза тапты.
Зардап шеккендерге және қаза болғандардың отбасыларына медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.