Райымбек ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай Сарыжаз ауылында «Спорт – ұлт саулығының кепілі» атты денсаулық фестивалі ұйымдастырылды.
Қыс қызығына кенелткен іс-шараға ауданның 11 ауылдық округінің тұрғындары лайықты дайындықпен келіп, ойындардың жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты. Дәстүрлі денсаулық фестивалінің ашылу салтанатында Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, ақ қарда айшықты із қалдыратын тартысты жарыстарда жеңімпаз болуға тілектестігін білдірді.
«Саламатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен айналысудың маңызы зор. Ауыл тұрғындары мен мемлекеттік қызметкерлердің басын біріктіріп отырған бүгінгі шараның негізгі мақсаты – қысқы спорт түрлерін дәріптей отырып, елді ынтымақ-бірлікке ұйыту. Сондай-ақ жастарды бойын жат әрекеттерден аулақ ұстап, денсаулықтың қадірін білуге баулу», деді аудан басшысы.
Қыстың қытымыр аязына қарамастан, ақ қар кешіп арқан тартқан, доп қуалап, шанамен сырғанап, шаңғымен жарысқан додада топ ішінен оқ бойы оза шыққан командалар жеңімпаз атанды. Барлық ауылдық округтен жалпы саны 110 спортшы қатысқан жарыс қорытындысында 1-орынды Сарыжаз ауылының, 2-орынды Қарасаз ауылының, 3-орынды Нарынқол ауылдық округінің ойыншылары қанжығалады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.
Алматы облысы