Маңғыстаудың мемлекеттік қызмет саласының тарихы музей төріне топтасты. Нақтырақ айтсақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облыстық филиалы жанынан мемлекеттік қызмет музейі құрылды.
Еліміздегі мемлекеттік қызметтің қалыптасу және даму кезеңдерін жүйелеп, тарихи мұрасын сақтау әрі жас буынға үлгі ету мақсатындағы бұл бастама ұрпақ сабақтастығын нығайтып, мемлекеттік қызмет құндылығын кеңінен насихаттауға бағытталған.
«Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтің имиджін арттыруға әрі халықтың мемлекеттік қызметке сенімін нығайтуға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік қызметшінің позитивті имиджін қалыптастыру жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында академияның филиалдары базасында әр облыста музей құру көзделген», деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Музей еліміздегі және өңірдің мемлекеттік қызмет саласындағы жетістіктерді көрсете отырып, саладағы қызметшінің оң имиджін қалыптастыруға ықпал ететін болады.
«Музей мемлекеттік қызметтің маңыздылығын насихаттау үшін тарих, инновация және білімді біріктіретін бірегей алаң болады. Нәтижесінде, аталған қызметті қоғам мемлекет дамуының негізгі элементі ретінде қабылдауын күшейтеді», деді Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Айгүл Демеуова.
Маңғыстау облысы