Таңертең сабаққа асыққан оқушы сөмкесіне кітаппен бірге планшетін салып шықса, ал мұғалім бірнеше минут ішінде көрнекі материал дайындап үлгерсе, бұл – қиял емес, бүгінгі білім кеңістігінің шынайы көрінісі, деп жазады Egemen.kz.
Технология қарыштап дамыған заманда жасанды интеллект адам өмірін ғана емес, оқыту жүйесін де түбегейлі өзгертіп келеді. Ендігі міндет – жаңалыққа таңдану емес, оны ұтымды пайдалану.
Жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізудің түпкі мақсаты айқын – оқу сапасын арттыру әрі оқушының танымдық мүмкіндігін кеңейту. Бүгінгі бала – ақпарат ағынында еркін бағдарлайтын, жылдам ойлайтын буын. Сондықтан білім беру тәсілдері де осы қарқынға сай болуы заңдылық.
Бұл үрдіс теория жүзінде ғана емес, нақты тәжірибеде де көрініс табады. Мәселен, Түркістан облысы Созақ ауданындағы өзім еңбек ететін білім ордасы – Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің ұстаздары жасанды интеллект құралдарын сабақ барысында тиімді қолданып келеді. Мұғалімдер күрделі тақырыптарды визуалды форматта түсіндіріп, оқушы деңгейіне сай тапсырмаларды жедел әзірлейді, тіпті кей жағдайда білім алушылардың олқылықтарын дер кезінде анықтауға мүмкіндік алады. Соның нәтижесінде сабақ мазмұны тереңдеп, уақыт барынша ұтымды жұмсалады. Ең бастысы – ұстаздың оқушымен жеке жұмыс істеуіне кең жол ашылады.
Жасанды интеллектінің негізгі артықшылығы – оқытуды жекелендіруге жағдай жасауы. Сыныптағы әр оқушының білімді қабылдау қарқыны – әртүрлі. Біріне қосымша түсіндіру қажет болса, енді бірі күрделірек тапсырманы талап етеді. Ақылды жүйелер осы ерекшеліктерді саралап, әр балаға лайық бағыт ұсына алады. Мұндай тәсіл оқушының өз күшіне деген сенімін арттырып қана қоймай, білімге деген ішкі уәжін қалыптастырады. Ал ынтасы жоғары шәкірттің алар асуы да биік болары анық.
Сабақ – тек мәлімет беретін орта емес, ой қалыптастыратын кеңістік. Осы тұрғыда интерактивті платформалар, цифрлық модельдер мен виртуалды тәжірибелер оқушыны белсенді әрекетке жетелейді. Көзбен көріп, тәжірибе арқылы ұғынған білім санада берік орнығады. Демек, технология – терең білімге бастайтын тиімді көпір. Дегенмен қандай озық жүйе болса да, ол мұғалімнің орнын алмастыра алмайды. Ұстаз – білім беруші ғана емес, адамгершілік құндылықтарды бойға сіңіретін тәрбиеші, бағыт-бағдар көрсететін тұлға. Жасанды интеллект есепке жүйрік болғанымен, адамға тән мейірім мен жан жылуын жеткізе алмайды. Сондықтан оны педагогтің бәсекелесі емес, кәсіби әлеуетін арттыратын сенімді серігі ретінде қабылдау маңызды.
Цифрлық технологиялар кең қанат жайған сайын білімге қолжетімділік те арта түсуде. Бұл – әсіресе өңірлік мектептер үшін үлкен мүмкіндік. Заманауи құралдарды меңгерген білім ордалары болашаққа батыл қадам басары сөзсіз. Өйткені білімді, технология тілін түсінетін ұрпақ – ел дамуының басты қозғаушы күші.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллект – білім беру жүйесін жаңғыртудың стратегиялық тетігі. Оны сауатты әрі орнымен пайдалану арқылы біз тек оқыту әдістерін жетілдіріп қана қоймай, заман талабына жауап бере алатын зерделі ұрпақ тәрбиелейміз. Ал білімді ұрпақ – мемлекеттің ең берік тірегі, жарқын болашақтың кепілі.
Рабиға МОМАХАНОВА,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі