• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 16:47

2035 жылға қарай қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?

10 рет
көрсетілді

Алдағы он жылда Қазақстанның еңбек нарығы ауқымды кадр тапшылығына тап болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасаған орта мерзімді болжамға сәйкес, 2035 жылға қарай ел экономикасына шамамен 2,9 млн қызметкер қажет болады. Бұл – бір сәттік сұраныс емес, алдағы онжылдықтағы жинақталған қажеттілік, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрліктің деректеріне сүйенсек, 2025-2035 жылдар аралығында экономикада кадрларға деген жалпы қажеттілік 2,9 млн адамды құрайды. Бұл көрсеткіш экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және зейнетке шығатын қызметкерлердің орнын басуға байланысты қалыптасады.

Әсіресе білікті мамандарға сұраныс артады. Кәсіби және жоғары білімі бар қызметкерлерге деген қажеттілік 2,5 млн адамға дейін жетіп, шамамен 27%-ға өседі деп күтіледі. Бұл еңбек нарығында заманауи дағдылар мен қолданбалы білімнің маңызы күшейетінін білдіреді.

Қазақстан АҚШ-пен бірлесіп атом энергетикасы саласына қажетті кадрлар дайындайды

Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарға да сұраныс айтарлықтай өседі. Өндірістік және техникалық салада 813 мың маман қажет болады, бұл қазіргі деңгейден 48%-ға жоғары. Демек, нақты сектор мен инфрақұрылымдық жобалардың рөлі арта түспек.

Қай салаларда сұраныс жоғары болады?

Салалық құрылымға көз жүгіртсек, ең көп кадр қажет ететін бағыттар – әлеуметтік және өндірістік салалар.

Білім беру саласы алдыңғы орында тұр. 2035 жылға дейін бұл салаға 447,7 мың қызметкер керек болады. Бұл жалпы қажеттіліктің шамамен 15%-ын құрайды. Сұраныстың артуы демографиялық өсім мен білім беру жүйесіндегі реформаларға байланысты.

Сауда саласында (көтерме және бөлшек сауда) 251,3 мың адамға сұраныс болады (8,4%). Бұл сала ірі қалаларда жұмыспен қамтудың негізгі драйверлерінің бірі болып қала береді.

Ал денсаулық сақтау жүйесінде 240,4 мың маман қажет (8%). Дәрігерлерге, мейіргерлерге және қосалқы медициналық қызметкерлерге деген сұраныс тұрақты түрде жоғары болмақ.

Өңдеу өнеркәсібінде 231,4 мың адам қажет болады. Бұл индустрияландыру саясаты мен өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған мемлекеттік басымдықтарды көрсетеді.

Қарапайым мамандықтарға грант көбейді

Сонымен бірге ауыл шаруашылығына 222,1 мың адам (7,5%), ал құрылыс саласында 216,8 мың адам (7,2%) қажет болады. Бұл екі бағыт та елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен инфрақұрылымдық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие.

Кадр тапшылығы қай өңірлерде байқалады?

Өңірлік бөлініс бойынша ең жоғары сұраныс ірі экономикалық орталықтарда шоғырланады. Ең көп маман қажет болатын қала – Алматы (464 мыңға дейін кадр). Сондай-ақ қала бизнес, қаржы және қызмет көрсету саласының негізгі орталығы болып қала береді.

Екінші орында – Астана. Елордада 263,4 мың маманға сұраныс бар. Әкімшілік, құрылыс және сервис салаларының дамуы бұл көрсеткішке әсер етеді. Қарағанды облысында – 191,6 мың адамға, Алматы облысында – 172 мың адамға, Түркістан облысында – 173,6 мың адамға сұраныс қалыптасады. Сондай-ақ Шымкент қаласында 141,8 мың маман қажет болады.

Бұл деректер кадр тапшылығы тек мегаполистерде ғана емес, өндірістік және аграрлық әлеуеті бар өңірлерде де сезілетінін көрсетеді.

Жұмыссыздық мәселесі шешіле ме?

Кадрларға деген ауқымды сұранысқа қарамастан, жұмыссыздық деңгейі салыстырмалы түрде төмен күйінде қалады деп болжанған. 2026-2028 жылдары бұл көрсеткіш 4,7% шамасында болады. Яғни мәселе жұмыс орындарының жетіспеуінде емес, мамандардың біліктілігі мен нарық талаптарының сәйкес келмеуінде болуы мүмкін. Бұл – құрылымдық теңгерімсіздік қаупін білдіреді.

2035 жылға дейінгі болжам Қазақстан еңбек нарығының терең трансформация кезеңіне аяқ басқанын аңғартады. 3 млн-ға жуық маманға деген сұраныс – бір жағынан үлкен сын-қатер, екінші жағынан экономиканы жаңғыртуға мүмкіндік.

Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығы құрылады

Білікті кадрлар мен жұмысшы мамандықтарға сұраныстың артуы білім беру жүйесін жаңғыртуды, кәсіптік бағдарлауды күшейтуді және бизнес пен оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуды талап етеді.

Алдағы онжылдықта кадрлық саясат елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторлардың біріне айналуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар