Осы көктемде Астана халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағына кезекті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы әуе айлағының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Жөндеу жұмыстары 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтеді.
«Көрсетілген кезеңде ұшу-қону жолағы күн сайын жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін уақытша жабылады. Жұмыстар жүргізілетін уақыт аралығында орындалатын барлық тұрақты халықаралық және ішкі рейстер тәуліктің ертерек немесе кешірек уақытына ауыстырылды», деп мәлімдеді елорда әуежайы.
Хабарламада бұл жөндеу жоспарлы түрде жүргізілетіні, оның мақсаты аэродром инфрақұрылымы мен жарық-сигналдық жабдықтарды пайдалану жағдайында ұстап тұру, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру екені айтылған.
Әуежай өкілдері кестедегі өзгерістер әуе компанияларымен және мемлекеттік органдармен келісілгенін атап өтті. Шектеулерден тыс уақытта әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
«Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға рейстердің өзекті кестесін әуе компанияларынан нақтылап алуды ұсынады және түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіреді», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
«Жарылғыш зат бар»: Атырау әуежайында жолаушылар эвакуацияланды
Еске сала кетейік, Астана әуежайының ұшу-қону жолағына соңғы жөндеу жұмыстары 2025 жылдың күзінде жүргізілген. Ол кезде де екі айға жуық уақыт бойы күндізгі уақытта ұшақтарды қабылдау және жөнелту шектелген болатын.
Түркістан әуежайына 14,3 млн теңге айыппұл салынды