Алматы қаласында апелляциялық сот алқасы 2019 жылғы желтоқсанда болған Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатына қатысты іс бойынша шағымды қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, апелляциялық инстанция бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
«Алматы қалалық сотында іс бойынша апелляциялық шағым қаралды. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгертуге негіз таппады. Бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалды», деп хабарлады сотта.
Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді. Оны кассациялық тәртіппен бір жыл ішінде шағымдануға немесе наразылық білдіруге болады.
Еске салсақ, 2025 жылғы қарашада Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатына қатысты іс бойынша үкім шығарған. Іс бойынша айыпталушылар ретінде әуе кемесінің ұшқыштары – Марат Мұратаев пен Миржан Мұлдақұлов танылды. Екеуі де әуе апатында қаза тапқан.
Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігі («Әуе көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет») бойынша айып тағылған. Сот ұшқыштарды кінәлі деп таныды, алайда олардың қайтыс болуына байланысты қылмыстық жаза тағайындалмады.
2019 жылы әуе апатынан қаза тапқан Bek Air ұшқыштарына сот үкімі шықты
2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы – Астана бағыты бойынша ұшқан «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы ұшып көтерілу кезінде биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып өткен, кейін екі қабатты ғимаратпен соқтығысқан. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 69 адам жарақат алды.
Bek Air авиакомпаниясының пайдаланушы және ұшу жарамдылығы сертификаттары тоқтатылды