• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 19:20

Еліміздің спортшылары мен өнер иелері жаңа Конституция жобасын қолдады

10 рет
көрсетілді

Қазақстандық спортшылар мен танымал өнер иелері жаңа Конституция жобасын қолдап, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға қатысуға шақырды. Олар мемлекет тағдырына бейжай қарамай, дауыс беруге қатысудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айза Мамбекова: Мемлекет үшін біртұтастық – ең басты құндылық

Мәнерлеп сырғанаушы, 2013 жылғы Қазақстан чемпионы, 2017-2018 жылдары Азия және Олимпиада ойындарының қатысушысы Айза Мамбекова ел болашағы үшін бірлік пен тұрақтылықтың маңызын атап өтті.

«Мұз айдынында әр қозғалыс дәлдікке, сенімге және ішкі тәртіпке негізделеді. Сол сияқты, еліміздің Ата заңының кіріспесінде ұлттық құндылықтарымыздың мызғымас негізі нақты айқындалды. Мәнерлеп сырғанауда тепе-теңдік басты қағида болса, мемлекет үшін біртұтастық пен аумақтық тұтастық – ең маңызды құндылық.

Спортта жеңіс тек жеке шеберлікпен емес, елдің қолдауымен келеді. Елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі де әр азаматтың бірлігі мен сеніміне байланысты. Біз тарихымызды құрметтеп, болашағымызды бірге қалыптастырамыз», деді спортшы.

Мадина Сәдуақасова: Конституция мазмұны жаңарып, берік құқықтық негіз қалануда

Қазақстандық әнші Мадина Сәдуақасова жаңа Конституция жобасының жариялануына қатысты пікір білдірді.

«Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. жаңа Ата заңымыз қолданыстағы баптардың басым бөлігіне түзету енгізу қажеттілігі жаңа редакция қабылдауды заңды етті. Соның нәтижесінде Конституция мазмұны жаңарып, ел болашағына берік құқықтық негіз қалануда.

Қазіргі күрделі кезеңде ішкі тұрақтылықты сақтап, жүйелі реформаларды жүзеге асыру – мемлекеттің басты жетістігі», деді ол.

Нұрғиса Әділетұлы: Ел болашағы үшін әр дауыс маңызды

Ауыр атлетикадан 2024 жылғы әлем чемпионы, 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионы Нұрғиса Әділетұлы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның саяси маңызын атап өтті.

«15 наурыз – еліміз үшін саяси маңызды оқиға. Референдум тек дауыс беру ғана емес – азаматтық жауапкершілік, ел тағдырына бейжай қарамау. Ел болашағы үшін әр дауыс маңызды. Жарқын болашақ үшін дауыс беруге шақырамын», деді чемпион.

Шағбан Ерлан: Конституциялық референдум – болашағымыз үшін жасалатын ең маңызды қадам

Әлем чемпионы, кикбоксер Шағбан Ерлан да референдумның ел үшін маңызды кезең екенін жеткізді.

«Біз үшін кикбоксингте әр сәт тағдырды шешеді. Әрбір соққы, әрбір әдіс жекпе-жек жеңімпазын анықтап кетуі мүмкін. Сол секілді қазір біздің еліміз үшін тағдыр шешті кезең келе жатыр.

Ата заңымыздың басым бөлігіне өзгерістер енгелі тұр. Өмірде және спортта әрбір секунд маңызды. Біз шаршы алаңға шыққанда тек күшімізге емес, нақты жоспар мен дұрыс шешімге сенеміз. Бір сәт кешігу мен босаңсу жеңіліске әкелуі мүмкін. Отанымыздың тағдыры да рингтегі айқас сияқты. Мұнда сырттан бақылап тұруға болмайды. Конституциялық референдум біздің ортақ болашағымыз үшін жасалатын ең маңызды қадам. 15 наурызда еліміздің болашағына халық болып жұмылайық. Еліміздің болашағы біздің қолымызда», деді спортшы. 

Айта кетейік, Референдум 15 наурыз күні өтеді. Қоғам қайраткерлері мен спортшылар ел азаматтарын белсенділік танытып, маңызды саяси науқанға қатысуға шақырып отыр.

Соңғы жаңалықтар