Атырауда сот «Lets School» жекеменшік мектебінің директорына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол жәбірленушілерге 119 млн теңге көлемінде залал келтірген алаяқтық ісі бойынша кінәлі деп танылды.
Сот анықтағандай, директор сыбайласымен бірге ғимаратты жалға алып, мектепті интернет пен Instagram желісінде жарнамалаған, ашық есік күндерін ұйымдастырған және ата-аналармен оқу жылы үшін міндетті алдын ала төлем шартымен келісімшарттар жасаған. Алайда олардың білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы болмаған. 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың ақпанына дейін ата-аналардан ақша алғанымен, уәде етілген қызметтердің толық көлемін көрсетпеген.
Ата-аналардың айтуынша, мектеп сапалы білім, үйірмелер, тамақтану және балаларды тасымалдау қызметін уәде еткен. Алайда сабақтар тұрақсыз өткен, мұғалімдер жұмыстан шыққан, лицензия болмағандықтан балалар басқа мектептерге ауыстырылған. Бұл деректер келісімшарттар, банк аударымдары және түбіртектер арқылы расталған.
«Сот директордың әрекетін алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, аса ірі мөлшердегі алаяқтық деп таныды. Сотталушының қаржылық қиындықтар мен қызметтің бір бөлігін көрсеткені туралы уәждері қарамастан, оның қасақана әрекет еткені дәлелденді», делінген үкімде.
Рейске кіргізбеген: Air Astana жолаушыға 500 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттелді
Жеңілдететін мән-жайларды, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескере отырып, сот директорға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ дәл осындай мерзімге басшылық қызмет атқару құқығынан айырды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылып, келтірілген залал ортақ тәртіппен өндірілетін болады.
Ақмола облысында заңсыз балық аулаған екі тұрғын сотталды
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.