• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 18:18

Жаңа Конституция – елдің экологиялық қауіпсіздігінің берік тірегі

10 рет
көрсетілді

Елордада Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалығымен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Жиында 2025 жылғы жұмыс қорытындыланып, 2026 жылға арналған міндеттер айқындалды. Басқосу жаңа Конституция жөніндегі республикалық референдум қарсаңында өтуімен де айрықша мәнге ие болды, деп жазады Egemen.kz.

Алқа отырысына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының жауапты қызметкерлері, орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор мен аумақтық бөлімшелердің өкілдері, сондай-ақ Министрліктің Қоғамдық кеңесі мүшелері қатысты.

Аида Балаева: Тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық қағидаттар деңгейіне көтерілді

Экология – конституциялық қағидат

Кіріспе сөзінде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молайту бағытындағы негізгі нәтижелерге тоқталды. Жетекшілік ететін бағыттар бойынша вице-министрлердің есебі тыңдалды.

Өз кезегінде Роман Скляр алқа отырысының тарихи кезеңде өтіп жатқанын атап өтті.

«Конституция жобасының ұсынылған редакциясында қоғамның басты сұраныстарының бірі – адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарауды іргелі қағидат ретінде орнықтыру», деді ол.

Бұл ұстаным экологиялық қауіпсіздікті мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітеді. Жаңа конституциялық негіз табиғатты қорғау ісін жүйелі жаңғыртуға серпін бермек.

Цифрландыру және қалдықтарды басқару

Қазір министрлік қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, қалдықтарды басқару, өндірістік шығарындыларды мониторингілеу, орман өрттерін ерте анықтау, орман қорын есепке алу және ұлттық парктерге баруды қадағалау бағытында цифрлық жобалар кешенін іске асырып жатыр.

Маңызды міндеттің бірі – жеке инвестицияларды тарта отырып, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту. Бұл салада инфрақұрылымды жаңғырту мен қайта өңдеу үлесін арттыру көзделген.

Өңірлік экологиялық саммит: Орталық Азияға ортақ жауапкершілік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында биыл елімізде Өңірлік экологиялық саммит өткізу бастамасын көтерген болатын.

Алдағы саммит мемлекеттер мен үкіметтер басшыларын, халықаралық серіктестер мен сарапшыларды бір алаңға жинап, Орталық Азия елдерінің өңіраралық ынтымақтастығын және жаһандық климаттық күш-жігерге қосқан үлесін айқындауға тиіс.

«Таза Қазақстан» және орманды ұлғайту

Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Аумақтарды тазалау акцияларынан бастап экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған ағартушылық жобаларға дейінгі шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Ел бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу және орман алқабын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайту жөніндегі жұмыстар қарқынды жалғасып жатыр. Дегенмен, жердің деградациясы мен шөлейттену мәселесі әлі де өзекті.

Бұл түйткілді шешу үшін жел эрозиясын төмендету, құм алқаптарын бекіту және жайылымдарды қалпына келтіру мақсатында қорғаныш орман белдеулері мен тосқауыл екпелер жүйесін құру көзделген.

Орман өрттеріне қарсы – жасанды интеллект

2025 жылы Премьер-Министр ең қауіпті 24 орман және табиғатты қорғау мекемесінде өртті ерте анықтау жүйесін енгізу жөнінде нақты тапсырма берген еді. Өткен жылы аталған жүйе 2,2 млн гектар аумақты қамтыды.

Жүйеге жасанды интеллект интеграцияланып, деректер жедел басқару орталығына автоматты түрде жеткізіледі. Ағымдағы жылдың соңына дейін өрт қаупі жоғары ормандардың 5,4 млн гектарын толық қамту жоспарланып отыр.

2026 жылға межеленген міндеттер

Алқа отырысында 2026 жылға арналған басым бағыттар нақтыланды. Атап айтқанда:

экологиялық қауіпсіздікті күшейту;

биоәртүрлілікті сақтау;

жауапты әрі жасампаз патриотизмді ілгерілету;

жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру.

Жаңа Конституцияда бекітілетін экологиялық қағидаттар осы міндеттердің құқықтық негізін нығайтады. Табиғатты қорғау – тек салалық саясат емес, ұлттық қауіпсіздік пен ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің өлшемі.

Жаңа Конституция – орнықты экономикалық өсімнің іргетасы: Олжас Бектенов Инвестициялық ахуал жөніндегі кеңес өткізді

Соңғы жаңалықтар