Ресми деректерге сәйкес, елімізде жерасты суларының бекітілген пайдалану қорлары тәулігіне шамамен 43,1-43,2 млн текше метрді құрайды. Алайда іс жүзінде осы көлемнің небәрі 3-4%-ы ғана пайдаланылып келеді, деп жазады Egemen.kz.
Осындай деректерді келтіріп, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған сенаторлар жерасты су ресурстарының елеулі бөлігінің экономикалық айналымнан тыс қалып отырғанын, оларды басқару жүйесінің жеткіліксіздігін айтты.
Еліміздің су қоймалары тасқын суға дайын ба?
Сенаторлардың мәлімдеуінше, елімізде шаруашылық-ауызсу қажеттілігінің шамамен 40%-ы жерасты сулары есебінен, ал 60%-ы жерүсті су көздері есебінен қамтамасыз етіледі. Тұщы жерасты суларының 68%-ы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында шоғырланған. Ал Атырау, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары су тапшылығы жоғары өңірлер қатарына жатады.
«Мысалы, Алматы қаласында жерасты су қорларын пайдалану деңгейі 73%-ды құраса, Түркістан қаласында бұл көрсеткіш 1%-дан төмен, бұл өңірлік даму үшін пайдаланылмай отырған елеулі резервтің бар екенін айқын көрсетеді. Жерасты сулары ауызсу көзі ретінде ғана емес, ирригация, өнеркәсіп, минералды және тұзды сулар ретінде де экономиканың маңызды салаларын қамтамасыз етуі тиіс. Алайда бүгінгі таңда олардың әлеуеті толық іске асырылмай отыр», деді депутаттық сауалды жария еткен сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Сауранда су шайып кеткен көпір қалпына келтірілді
Сондай-ақ депутаттардың айтуынша, жерасты суларының жалпы эксплуатациялық қорларының 50%-ы, яғни тәулігіне 21,3 млн текше метрі, суармалы егіншілік мақсаттарына арнайы барланған. Соған қарамастан, нақты пайдалану көлемі тәулігіне небәрі 0,15 млн текше метр, яғни 0,7%-ды ғана құрайды. Бұл су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды стратегиялық резервтің іс жүзінде пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.