Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған соты ақпараттық агенттікке қатысты істі қарап, сайлау заңнамасын сақтамай қоғамдық пікірге сауалнама жүргізгені үшін жауапкершілік жүктеді. Сот шешімімен жауапты серіктестікке айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 11 ақпанда «Уральская неделя» басылымының Telegram-арнасында 15 наурызға жоспарланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша референдумға қатысты қоғамдық пікір сауалнамасы жарияланған. Аталған басылымның құрылтайшысы – «Журналистская инициатива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес, сайлауға немесе референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар заңды тұлғалар ғана құқылы. Бұл үшін олар Орталық сайлау комиссиясын алдын ала жазбаша түрде хабардар етіп, тиісті құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
Референдумға 24 күн қалды: Астанада кері санақ таблолары орнатылды
Заң талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай нормалар референдумды әзірлеу мен өткізу барысында ашықтықты, сенімділікті және барлық тарапқа тең жағдайды қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың сайлау құқықтарын қорғауға бағытталған.
Гидротехниктер жаңа Конституция бойынша референдум өткізуді қолдады
Сот жарияланған сауалнама заң талаптарына сәйкес келмейді деп таныды. Серіктестіктің кінәсі әкімшілік іс қозғау туралы қаулымен және жарияланған материалдың скриншоттарымен расталған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабының 3-бөлігіне сәйкес, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сот қаулысымен «Журналистская инициатива» ЖШС кінәлі деп танылып, 129 750 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Маңғыстауда «Қазақстан темір жолы» ұжымы референдумға қатысуды қолдады