• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 20:34

Шымкент қаласының тұрғындары Әділетті Қазақстан бағытына қолдау білдірді

10 рет
көрсетілді

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің өңірлерге сапарлары жалғасып жатыр. Ерлан Қошанов бастаған делегация Шымкент қаласының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Ғалымдар, еңбек ұжымдары, мәдениет, спорт және коммуналдық сала өкілдері Ата заң жобасының негізгі ережелерін және оның Қазақстанның болашағы үшін маңызын талқылады. Басты назарда – адам, оның еңбегі, білімі және қауіпсіздігі.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті алаңында ғылыми қауымдастық, оқытушылар мен студенттердің қатысуымен кездесу өтті. Оған 300-ден астам адам жиналды. Іс- шарада Ерлан Қошанов университет ұлттың зияткерлік негізін қалыптастыратын маңызды алаң екенін ерекше атап өтті.

«Біз биік мұратқа, ұлы мақсаттарға бет алған ұлтпыз. Алдымызда ауқымды, іргелі істер күтіп тұр. Біз тек әділдік салтанат құрғанда ғана биік белесті бағындырамыз.  Заң мен тәртіп үстемдік құрғанда ғана дегенімізге жетеміз. Жастарымыз білім мен ғылымның, инновация мен технологияның тілін толық игерсе ғана озық елге айналамыз. Оған мыңжылдық тарихымызбен, төл мәдениетімізбен жетеміз. Осының бәрі осы жаңа Конституцияда тайға таңба басқандай көрініс тауып отыр», деді Ерлан Қошанов.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Ұлы даланың мыңжылдық тарихына тән мәдени кодты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттер мен зерттеу ортасы үшін дамудың ұзақ мерзімді қағидаттары айрықша маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай қағидаттар мемлекеттік саясаттың басымдықтарын айқындап, институционалдық автономия деңгейін анықтауға және елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде ғылымның рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің проректоры Баршагүл Исабек кез келген қуатты мемлекеттің тағдыры оның заңдарымен, тарихи сабақтастығымен және халық рухымен айқындалатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция преамбуласында Ұлы даланың мыңжылдық тарихын сақтау туралы айтылатын ережелер ата-бабалар аманатына адалдықты көрсетеді және Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бастау алатын дала демократиясы дәстүрлерінің жалғасы.

Ал Мухтар Әуезов атындағы университеттің саясаттану кафедрасының меңгерушісі Ардақ Монтаев халықаралық тәжірибеге назар аударып, әлемдегі 190 елдің шамамен 110-ында бір палаталы Парламент бар екенін атап өтті.

Одан кейін Коалиция мүшелері «Еңбекші» коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Санитарлық тазалық қызметкерлері, жүргізушілер мен коммуналдық шаруашылық мамандары тұрақты жұмыспен қамтудың, еңбек қауіпсіздігінің және әлеуметтік қорғалудың маңызы туралы айтты.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауытында заң мен тәртіп, әділдік пен жауапкершілік құндылықтары туралы айтылды. Кәсіпорын қызметкерлері еңбек ету құқығын қорғауға, әділ еңбекақы мен қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық нормалардың маңызына тоқталды. Сондай-ақ экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдықтары болуы тиіс екені айтылды.

Кездесулер одан әрі жалғасын тауып, Шымкент жастар театры алаңында мәдениет саласының өкілдерімен жүздесті. Әртістер мен шығармашылық мамандық иелері мәдениет, білім және рухани құндылықтар ұлттық бірегейлікті сақтаудың және отансүйгіштікті тәрбиелеудің берік негізін қалыптастыратынын атап өтті.

Осы күні Коалиция мүшелері спортшылар мен жаттықтырушылармен де кездесті. Спорт қауымдастығының өкілдері әділдік, адал бәсеке, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтары спорттың да, қуатты мемлекеттің де негізінде жатқанына тоқталды. Жаттықтырушылар түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға және жастардың заңға, еңбекке әрі азаматтық жауапкершілікке деген құрметін қалыптастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Шымкент тұрғындары 15 наурыз күні жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін референдумға қатысуға дайын екендерін білдірді.

Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық коалициясы 13 ақпанда құрылған. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 5 миллион қазақстандықты біріктіретін 300-ге жуық қоғамдық ұйым кірді. 

Соңғы жаңалықтар