15 ақпан күні Ауған соғысында қаза батқан боздақтардың рухына тағзым жасалды. Алматыдағы 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында өткен шараға Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бастаған ауғандық ардагерлер мен қаладағы мектептердің әскери-патриоттық клубтарының мүшелері қатысты.
1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, тура он жылға созылған Ауған өртіне шекарашылар да қатысқан. Мұны бөлімше басқарып жүрген жерінен отрядқа ауыстырылып, әрі қарай Ауғанстанға аттанып кете барған генерал-майор Қ. Берқалиевтің шекараға арналған саналы ғұмырынан білеміз. Шекара қызметінің қабырғасын өз қолымен қалаған генерал-лейтенант Б. Зәкиевті де атап өте аламыз.
Генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Б. Ертаев Ауған соғысының зардабы туралы айта келіп, «Кеудесін оққа тосқан ерлердің көзсіз ерлігі ұмытылмайтынын айтты.
Елордада тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етілді
Жиында сөз алған ҰҚК Шекара қызметінің ардагері, генерал-майор Марат Мажитов, Алматы қаласы ардагерлер ұйымдарының ұйымдастыру кеңесінің және «Көк байрақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуез Бейсенбаев, Алматы қалалық Ауғанстан ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұрат Абдушукуровтар бүгінгі күннің маңызына кеңінен тоқталды.
Тарихқа жүгінсек, қабырғаны қайыстырар сол соғысты 32 мыңнан астам отандасымыз басынан өткеріпті. Оның 927-сі қаза тауып, 19-ы хабарсыз кетті. Мыңдаған адам туған үйіне мүгедек болып оралды. Бес отандасымыз – Кеңес Одағының батыры, біреуіне Халық қаһарманы атағы берілсе, екі жауынгер «Айбын» орденімен марапатталған.
Үнді мұхитына жол: Қазақстан Ауғанстан арқылы теміржол салмақ
Бір минут үнсіздіктен соң ауғандық ардагерлер «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, терең дәстүрге сай, Ұлы Отан соғысының батырларына құрмет көрсеткен. Мұны ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының кадеттері де айна-қатесіз қайталаған. Бұл да жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеудің тамаша үлгісі. Сонымен қатар бүгінгі шараға шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық және облыстық филиалдарының мүшелері де қатысқан. Айта кетерлігі, аталмыш қоғамға мүше шекарашылардың арасында да Ауғанстан жерінде болған ардагерлер аз емес. Бүгінгі тарихи күнге орай, саябақта бас қосқан ардагерлер «Тағзым» шарасына қатысумен шектелмей, өздерінің қаруластарын кездестіріп, өздерінің Ауған жеріндегі ауыр күндерін еске алғандары хақ. Тарих – сосын да өміршең!
Шара соңында «Жас шекарашы» әскери-патриттық клубының мүшелері, біздің болашақ ізбасарларымыз Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлердің ескерткішінің алдынан салтанатты сап түзеп өтті.
Тамара Дәулетбаева
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі