Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және технологиялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде жүзеге асып жатқан негізгі индустриялық және цифрлық жобалардың барысын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өндірістік әлеуетті арттыру, озық технологияларды енгізу және қаланың цифрлық жүйелерінің орнықтылығын күшейту мәселесіне басымдық берілді.
Бүгінде елорда өнеркәсібі негізінен өңдеу секторына сүйенеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 3,4 трлн теңгеден асты. Кәсіпорындардың дені №1 Индустриялық парк аумағында орналасқан. Жалпы құны 333,3 млрд теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылып, 9 500-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Өнеркәсіп өндірісінің бес айдағы жетістігі
Машина жасауға серпінҮкімет басшысы сапар барысында «Автокомпоненты KZ» ЖШС-нің өрт сөндіру және арнайы техника шығаратын зауытында болды. 2025 жылдың қаңтарында іске қосылған кәсіпорынға 5,1 млрд теңгеден астам жеке инвестиция салынған. Жоба Кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асқан.
Өндіріс директоры Александр Плужниковтың айтуынша, зауыт жылына 400 бірлікке дейін техника шығаруға қауқарлы. Оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, вахталық фургондар, коммуналдық-жол машиналары бар. Өнімдер Төтенше жағдайлар министрлігіне, коммуналдық қызметтерге және өзге де құрылымдарға жеткізіледі. 2026-2028 жылдары қызметкерлер саны 200 адамға дейін кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ. Қазір өндіріс желілерін кеңейту және жергіліктендіру деңгейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өнеркәсіп өрістеп, тұрмыс түзелген
Олжас Бектенов отандық машина жасауды индустрияландырудың және жоғары өнімді жұмыс орындарын ашудың басты тетіктерінің бірі ретінде дамыту қажеттігін атап өтті.
«Өңдеу өнеркәсібінің өсуі экономиканы әртараптандыруға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, біз ел ішінде көбірек өнім өндіруіміз керек, нақты секторды нығайтып, тұрақты жұмыс орындарын құру қажет. Үкімет өз тарапынан өндіріс пен локализациялауды қамтамасыз ететін кәсіпорындарға инфрақұрылым, кадрларды даярлау және нақты тапсырыс тетіктері арқылы қолдау көрсетеді. Нәтиже неғұрлым көбірек өнім шығаруға, көбірек жұмыс орнын құруға және жоғары сапаға негізделуі керек», деді Премьер-министр.
Цифрлық инфрақұрылымның жаңа кезеңіСапар аясында Үкімет басшысы Astana Smart City жобасы шеңберінде құрылған Деректерді өңдеу орталығын да аралады. Бұл – халықаралық Presight компаниясы мен қала әкімдігінің серіктестігі негізінде салынған, қалалық инфрақұрылымға арналған еліміздегі алғашқы дата-орталық.
Компания өкілдерінің мәліметінше, орталық базасында қалалық ахуалдық орталық, бейнеталдау жүйелері, жасанды интеллект платформалары және қалалық ортаны басқаруға арналған цифрлық қызметтер жұмыс істейді. Нысан халықаралық тұрақтылық және ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сай келеді. Инфрақұрылым аса маңызды цифрлық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының қорытындысында Олжас Бектенов индустриялық базаны күшейту және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобаларды жүйелі жалғастыруды тапсырды. Тұрақты экономикалық өсім мен азаматтардың өмір сапасын арттыру үшін өндірістік және технологиялық шешімдерді ықпалдастырудың маңызы ерекше екені атап өтілді.
Жасанды интеллект отандық өнеркәсіпті қалай өзгертеді?