Былтыр ақпан айында алматылық хирургтер екі жасар баланың асқазанынан 105 магнитті моншақ алып, абсолютті рекорд жаңартқан еді. Өкінішке қарай, «сиқырлы» моншақтардың зардабын тартқандар мұнымен шектелмейді. Сапасыз әрі қауіпті ойыншықтар мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр.
Жоғарыдағы жайтты тарата түсіндіретін болсақ, былтыр 20 ақпан күні Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жағдайы тым ауыр кішкентай пациент жеткізіледі. Екі жастан енді ғана асқан сәбидің мазасы кетіп, іші ауырғанына біраз уақыт болған. Ата-анасы дәрігерлерге шамамен бір апта бұрын қонақта болғандарын, сол жерде балаларының үлкендерге арналған магнитті конструктормен ойнағанын, кейбір ұсақ бөлшектерін жұтып қоюы мүмкін екенін айтқан. Бірақ нақты қанша моншақ жұтылғаны белгісіз еді.
Баланың құрсақ қуысына рентген жасағанда өлшемі 6,2×2,2 см болатын металл заттардан құралған конгломерат анықталады. Әуелі мамандар бөгде затты эндоскопиялық әдіспен алуға тырысқанымен, магниттер тығыз жиналып тұрғандықтан, бұл әдіс нәтиже бермейді. Амал жоқ, дәрігерлер хирургиялық операция арқылы лапаротомия мен гастротомия жасауға шешім қабылдап, баланың асқазанынан 105 магнитті моншақ алып шықты. Операциядан кейін балақай жансақтау бөліміне түсіп, жағдайы біртіндеп түзелді.
Өкінішке қарай, бұл Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері жасаған алғашқы операция емес. Қабылдау бөлімінің жауапты хирургі Азат Мамырасылдың айтуынша, оған дейін де ұсақ магниттерді жұтып қойған бірнеше балаға шұғыл операция жасалыпты. Дер кезінде көрсетілген хирургиялық көмектің арқасында ғана дәрігерлер сәбилердің өмірін сақтап қалды. «Науқастың ауруханаға түскен кездегі жағдайы ауыр болды. Магниттік конструкторды жұтып қойған баладан төмен ішектің бірден бітеліп, перитонит пен инфекциялық-уытты шок алғанын анықтадық. Оның ішегінен 13 ұсақ магнит табылды», деді дәрігер.
Тағы бір жантүршігерлік оқиға: 7 жасар бала ішек-қарнындағы магниттермен 9 күн бойы жүрген. Жеке емхана рентген жасап, ауруханаға жолдама берсе де, ата-анасы бөгде затты үй жағдайында түсіруге әрекеттенген. Тек баланың жағдайы күрт нашарлап, құсып, әлсірегенде ғана жедел жәрдем шақырған. Бұл балаға да хирургиялық операция жасалды, ол да жансақтау бөлімінде жатты.
Мұндай жағдайда дәрігер Азат Мамырасылұлы бірден білікті медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Бөтен зат ең алдымен ішек перфорациясына немесе перитонитке душар ететінін, кешенді зерттеулер арқылы бірден дәл диагноз қойып, дер кезінде көмек көрсетуге болатынын айтады.
Өкінішке қарай, әлемдік тәжірибеде де ата-аналардың осындай немқұрайдылығына байланысты дәрігерлер дер кезінде көмек көрсете алмай қалатын қайғылы оқиғалар кездеседі. Біз өз тарапымыздан жоғарыдағыдай жағдайларға ұқсас оқиғалар туралы «Алматы балаларының жұтпайтыны жоқ» деген ақпарат әзірлеп, асқазан, ішек жолдарынан алынған бөгде заттардың «коллекциясын» да жариялаған едік. Оның ішінде түйме, домалақ батареядан бастап, ойыншықтардың ұсақ-түйек бөліктерінің неше түрі табылады.
Бұл тұрғыда тиісті орындардың қырағы болғаны, ойыншықтарға, жалпы балаларға арналған тауарлардың қауіпсіздігін бақылауда ұстағандары жөн. Жақында арнайы ұйымдастырылған брифингте қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова балалар бұйымдарына қойылатын негізгі талаптар, тексерулердің нәтижесі мен кәсіпкерлердің жауапкершілігі туралы мәліметтермен бөлісті. Мамандар 2015 жылдан бастап бақылау жұмыстары Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес жүргізілетінін, оған сынақтық сатып алулар мен зертханалық зерттеулер де кіретінін айтады.
«Қауіпсіз ойыншық – ең алдымен дұрыс таңбаланған өнім. Тауарда өндіруші туралы ақпарат, қай елде, қай жастағы балаға арналған, қолданылған материалдар мен жасалған күні анық көрсетілуге тиіс. Бұл деректердің болмауы заңбұзушылық болып саналады», дейді Г.Қаткенова.
Өткен жылы Алматы қаласында қосымша сатып алу жұмыстары аясында 108 ойыншық үлгісі зертханалық тексеруге жіберілгенде, өнімдердің 53,7%-ы таңбалау талаптарымен сәйкеспейтіндігі анықталған. Сондай-ақ бақылау іс-шаралары барысында кондитерлік өнімдер де тексерілген. Зерттеуге алынған 86 өнім үлгісінің 27,6%-ы қауіпсіздік пен таңбалау жөніндегі техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан сауда сөрелерінен сапа талаптарының үдесінен шыға алмайтын 1 тоннадай азық-түлік өнімдері жойылды. Негізінен зияндылығы жоғары тағамдық қоспалар, сүт өнімдері мен дәмдеуіштер тәркіленді.
«Талапқа сай келмейтін өнімдер саудадан шығарылады. Кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылады. Биыл 40 бизнес нысаны жауапқа тартылып, оларға салған айыппұл 13,9 млн теңгеге жетті», деді Г.Қаткенова.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға қосымша шектеулер қолданылатындығын атап өтті. Айталық, мұндай ойыншықтарға ылғалдылығы 5%-дан жоғары жерде ұлғаятын табиғи тері, әйнек, фарфор, түкті резеңке, толтырғыштарды қолдануға болмайды. Ойыншықтардың қыры өткір, ұсақ бөлшектері мен бөгде иісі болмауға тиіс.
Департамент профилактикалық бақылауды тек көшпелі тексерулер арқылы емес, сонымен қатар ақпараттық жүйелердегі деректерді талдау мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын өнімдердің жарнамасын бақылап отыру арқылы да жүргізеді.
Заңсыздық анықталған жағдайда кәсіпкерлер оларды жоюға міндетті. Талаптар орындалмаған жағдайда нысан профилактикалық бақылау тізіміне енгізіледі, тексеру барысында заңбұзушылық қайталанатын болса, оның қызметін тоқтатуды көздейтін материалдар сотқа жолданады. Сауда сөрелеріне сапамен үйлеспейтін бұйымдарды жібермеуге мүдделі мекемелер Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қалалық департаментіне өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттардың (декларациялар, сертификаттар) күшін тоқтату немесе уақытша тоқтату туралы ақпараттық хаттар жолдайды. Яғни кәсіпкерлер бұл құжаттарсыз ойыншықтарды сата алмайды.
Мемлекеттік бақылау өз алдына, ең бастысы – ата-ананың жауапкершілігі мен қырағылығы. Осы орайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелері ата-аналарға ойыншық сатып алуға жауапкершілікпен қарап, мұқият болуға кеңес береді.
АЛМАТЫ