Павлодар облысы көмір генерациясын дамытуға бағытталған ұлттық жобаны жүзеге асыруда маңызды стратегиялық рөлге ие. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір Қазақстанда өндірілген электр энергиясының 42%-ын қамтамасыз етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтудегі негізгі қадамдардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейту. Жоба аясында станцияның қуаты 1 ГВт-тан 2,1 ГВт-қа дейін ұлғайтылады. Бұдан бөлек, «таза көмір» технологияларын пайдалану арқылы қуаты 2,64 ГВт болатын жаңа Екібастұз ГРЭС-3 станциясын салу және Ақсу ГРЭС-ін жаңғырту жоспарланып отыр.
Екібастұз ГРЭС-2: қуаттылығы екі есе артады
Электр энергиясы өндірісінің артуы көмір өндіру көлемін де көбейтуді талап етеді. Бұл ретте елдегі көмір өндірісінің 38%-ын қамтамасыз ететін «Богатырь Көмір» ЖШС шешуші рөл атқарады. Теңгерімдік қоры 2,4 млрд тоннаны құрайтын компания өндірісті кезең-кезеңімен арттыруды көздейді: 2024 жылғы 42,7 млн тоннадан 2026 жылы 45,2 млн тоннаға дейін, ал 2032 жылға қарай жылына 56,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін 2026-2032 жылдарға арналған 360 млрд теңгелік инвестициялық бағдарлама әзірленген. Қаржының басым бөлігі күрделі құрылысқа, «Северный» қимасында жоғары тиімді циклдік-ағындық технологияны енгізуге және жаңа үйінділерді жарақтандыруға бағытталады. Сонымен қатар, тау-кен көлік техникасын жаңарту, қолданыстағы нысандарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар елдің энергетикалық сұранысын тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Павлодар: энергетика қуаты артып келеді