Дүниежүзі бойынша газ қоры жөнінен үздік ондыққа кіретін Қарашығанақ кен орнын кім ашқанын білесіз бе? Оралдық ғалым Сухан Камаловты әріптестері «Қарашығанақтың өкіл әкесі» деп атайды.
Көрнекті геолог-мұнайшы, Қарашығанақ кенішін ашқан алғашқылардың бірі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Орал қаласының, Бөрлі, Қазталов аудандарының құрметті азаматы Сухан Мақсотұлы Камалов 1935 жылғы желтоқсанда Орал облысының Қазталов ауданына қарасты шалғайдағы Асанқұдық ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасында туып-өскен қара бала еңбекпен есейді, тағдыр тауқыметімен ерте шынықты. Бала жасынан білімпаздығымен, талап-талпынысымен көзге түсті. 1954 жылы Қазталов орта мектебін күміс медальмен бітірген бозбала сол кездегі ең беделді мамандықтың бірі – геология саласын таңдап, алыстағы Алматыға жол тартты. Осылайша, Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанған жас ғалымның ұзақ та ұлағатты ғұмыры басталған еді.
Сухан Мақсотұлы еңбек жолын 1959 жылы геологиялық партия құрамында коллектор ретінде бастады. Жігерлі жас маман бірден көзге түсіп, мансап сатысымен көтеріле берді. 1960 жылдардың ортасында Қазақ КСР Геология министрлігінің бас геологі қызметіне тағайындалды. 1964 жылы Орал мұнай барлау экспедициясының бас геологі болып, кейін Ақтөбеге осындай қызметке ауысады. Сухан Камалов Каспий маңы ойпаты аумағынан жерасты қазба байлығын іздестірудің келешегі зор екенін қайта-қайта дәлелдеумен болған. 1973 жылы Ленинград мұнай ғылыми зерттеу институтында кандидаттық диссертациясын қорғаған кезде де өзінің осы ойын негіздеген екен. 1975 жылы Оралға қайта оралған бас геолог Ақжайық өлкесінің төрт құбыласын түгел шарлады. Әукетай шағыл, Болған мола, Теплов, Токарев, Батыс Теплов, Тасқала мұнай-газ орындарының геологиясын зерттеді.
Сухан Камаловтың елдегі бірнеше кен орнын ашуға тікелей қатысы болғанымен, басты бағыт Қарашығанақ болды. Қарашығанақ картаға алғаш рет оның қолымен белгі болып түсті. Осы жерде мол байлық барын жария етіп, Қарашығанақтағы П-10 ұңғымасын бұрғылауды табанды түрде ұсынды. Ұңғыманы бұрғылауды кейін Социалистік Еңбек Ері атанған С.Лапшиннің бригадасы 1978 жылғы 27 сәуірде бастаған. 1979 жылғы 19 наурызда Қарашығанақта 3906–3937 метр тереңдіктен газ конденсатының алғашқы бұрқағы атылып, еліміздің тәуелсіздігінің тұғырына айналған көмірсутек шикізатының мол қоры ашылды. Бұл – Сухан Мақсотұлының ең басты еңбегі, өміріне өшпес із қалдырған елеулі табысы.
Әлі есімде, 2000 жылдардың басында Батыс Қазақстан облысының әкімі болған Қырымбек Көшербаев облыс орталығынан 6 пәтерлік элиталы үй салдырып, өңірдің ең танымал мәдениет-өнер қайраткерлеріне сыйға тартты. Ақұштап Бақтыгереева, Тұяқберді Шәмелев, Қатимолла Бердіғалиев, Жанғали Нәбиуллин сынды майталмандардың қатарында Сухан Камалов та болған еді. Сахнада жиі көрінетін ақын немесе өнер қайраткерлеріндей емес, Сухан Мақсотұлының есімі мен өмір жолын сол кезде жақынырақ танып едік.
«Егер әрбір қазақ Сухан Мақсотұлы сияқты туған еліне үлкенді-кішілі еңбек етсе, қандай керемет болар еді, шіркін!» депті бүгінде өзі де еңбек ардагері болған қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев Оралға жолдаған жеделхатында.
Жақында Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасының көрме залында «Қарашығанақтың кіндігін кескен Камалов» атты ғажап көрме ашылған еді. Егемен елдің экономикасына ерен үлес қосып отырған кеніштің авторына құрмет көрсетуге алыс-жақыннан ғалымның әріптес достары, отбасы мүшелері де келді. Көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан ғалымның өзі тұтынған бұйымдары, құжаттары, көптеген құнды жәдігер қойылды.
Қарашығанақ кен орны КСРО кезінде ашылып, игеріле бастағанымен, Одақ тараған соң бұрынғы байланыстар үзіліп, барлық жерде тоқырау басталған еді. Әсіресе жас мемлекетке әлемдік нарыққа газ және газ конденсатын өткізу мәселесі өте қиынға соқты.
Бастапқыда Қарашығанақ шикізаты Орынбор газ өңдеу зауыты арқылы қайта өңдеуден өтетін. Экономикалық байланыс құлдыраған кезде «Қарашығанақгазпром» басқармасын басқару Сухан Камаловқа сеніп тапсырылды. Мұны қазір «дағдарыс менеджері» деп атап жүрміз ғой. Ол кезде өзара қарыз өсіп, жұмысшылар бірнеше айлап жалақы алмайтын. Ең басты міндет мамандар мен құрал-жабдықты сақтап қалу еді. Сухан Камалов осы сынақтан абыроймен шықты. Қарашығанақ кен орнын игеруге шетел инвесторларын тарту жөнінде тарихи шешім қабылданған сәтте сол кездегі Президенттің алдында Қарашығанақтағы жағдайдың мәнін баяндаған Сухан Камалов болатын.
1991 жылы С.Камалов ҚазКСР Геология және кен қойнауын қорғау жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бір жылдан кейін «Қазақгаз» холдингі құрамындағы «Қарашығанақгазөндіріс» бірлестігіне басшылық етті. Ол 80-ге жуық ғылыми еңбектің авторы еді. Сухан Мақсотұлы – еліміздің мұнай және газ кен орындарының картасын жасаған адам. Әріптестерінің, мамандардың айтуынша, бұл картаның күні бүгінге дейін практикалық маңызы өте зор.
Сухан Камалов қалтқысыз қызметімен, адал еңбегімен сый-құрметке бөленді. Даңқты геолог КСРО кезінде «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерін, еліміз тәуелсіздік алған тұста «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерін өңіріне тақты. 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Оның мұнай-газ кен орындарының картасын жасаған ісін атақты Қаныш Сәтбаевтың еңбегімен салыстырып, «Ақжайықтан шыққан Сәтбаев» дейтін жастар да бар екен.
Сухан Мақсотұлы 2018 жылғы 29 желтоқсанда 83 жасында дүниеден озды. Бірақ оның есімі, еңбегі ұмытылмақ емес. Осындай тұлғаны ұлықтап, өмірін кейінгі ұрпаққа өсиет-өнеге ету – біздің және келешек буынның парызы.
Батыс Қазақстан облысы