• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

Талап пен тәжірибе

10 рет
көрсетілді

Былтыр жыл соңында Ақтөбедегі «Энергосистема» ЖШС Оқшаулау, қорғау және сынақтар қызметінің 5-разрядты кабельші-жүргізушісі Айтжан Ысқақ ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Бұл бір жағынан, осы салада үзіліссіз 35 жыл қызмет атқарған қарапайым еңбек адамына көрсетілген ерекше құрмет болса, екінші жағынан, өңірлік мекеме тарихында Мемлекет басшысының қолынан жоғары мемлекеттік награда алған тұңғыш маман ретінде есте қалды.

«Жұмысшы мамандықтар жылында» көрсетілген құрметке мекеменің мыңнан астам қызметкері ерекше қуанып, Айтжан Бақытжанұлын бірауыздан құттықтады. Жұмысына тыңғылықты, аз сөзді, жас мамандарға қамқор, шақырту түскенде түн ортасы демей, ауыр кабельдерді көлігіне тиеп алып, алыс жолға жүріп кететін Айтжан ағаны ұжымдастары қатты сыйлайды.

Оқшаулаушы мамандығы оңай емес. Қыс күндері елсіздегі жоғары кернеулі желілердегі өткізгіш сымдар қатып қалса немесе қысқа тұйықталудан жарық өшсе, аудандағылар Айтжан кабельшіні іздейді. Оның үстіне, кейінгі жылдары ауа райы құбылмалы болып, электр бағаналарында мұз қатуынан апатты жағдайлар жиілеп кетті. Электр желілерінің тозуы да күрделі мәселеге айналған. Ақтөбе облысындағы елді мекендердің арасы тым алшақ, кей аудандарға жету үшін 7–8 сағат уақыт кетеді. Көктайғақ пен боранда жүру қанша қиын болса да, мамандар апатты жағдайды тез реттеуге тырысады. Өйткені жарықтың өшуі ауруханалар мен мектептер, балабақшалар мен коммуналдық мекемелердің жұмысын тоқтатып тастайды. Мұндай кезде жоғары кернеулі кабельдерді бірнеше электр маманы жұмылып жүріп алмас­тырады. Көктайғақ пен мұзда бағанаға көтерілгенде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Сондықтан да мұндай жауапты іске Айтжан сияқты тәжірибелі мамандар жұмылдырылады.

Кейіпкеріміз Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң ауылда тракторшы-механизатор болып еңбек жолын бастап, 1984–1986 жылдары әскери борышын өтеп қайтады. Төрт жылдан соң аудан орталығы Қандыағаш қаласындағы электр желілері мекемесіне жүргізуші болып ауысады. Бірер жылдан соң мекеменің электр слесарі болып тағайындалып, күрделі құрылғылармен жұмыс істеуді, апатты жағдайларды жою тәсілдерін меңгереді.

– Энергетика мамандығы тәжірибе­мен келеді. Бұл жұмыс адам мінезін шың­дайды, төзімділікке баулиды. Ерек­ше ыждағаттылық қажет. Себебі электр өткізгіштерін, тозған сымдарды сапа­лысына алмастырып тұрмаса, кез келген уақытта өрт шығуы ықтимал. Біз шақыртуға барғанда ең әуелі желілердің жағдайын тексеріп алып, содан кейін ғана ақауларды жөндеуге кірісеміз. Қауіп­сіздік ережелерін сақтамаудың, қысқа тұйықталудың кесірінен шыққан өрт­тер қаншама адамның өмірін жалмады. Сон­­дық­тан электр жүйелеріне өте абай болу керек. Тозған желілерді кезең-кезеңі­мен жаңалап отыру маңызды, – дейді маман.

«Энергосистема» ЖШС Мұғалжар электр желілері учаскесінде жүргізуші болып еңбек ете жүріп, ол 2022 жылы Ақтөбе қаласындағы бас кеңсеге ауыс­ты. Содан бері Оқшаулау, қорғау және сынау қызметінің 5-разрядты кабельші-жүргізушісі лауазымында қызмет атқа­рады.

Отбасында сыйлы, ағайын-туысқа қамқор әкенің ұл-қызы бүгінде әр салада еңбек етіп жүр. Үш немересі бар.

– Балаларым энергетика саласын таңдамады. Қызым Алматы қаласында тұрады. Ұлым Бауыржан – спортшы, Қазақстан бокс федерациясының халықаралық дәрежедегі төрешісі. Жұба­йым­­ның жеке кәсібі бар, тігін­­­шілікпен айналысады, – дейді кейіп­керіміз.

Айтжан Ысқақ кейінгі толқын жастарға білгенін үйретуден, мол тәжірибесін бөлісуден жалықпайды. Энергетика мекемесі қазір жас мамандармен толығып жатыр. Ұжымға келген жас инженерлер мен колледж бітірген мамандар Айтжан ағасынан ақыл сұраудан тартынбайды. Ол жо­ғары кернеу кезінде қауіпсіздік ере­же­лерін сақтауды, бағаналарға арнайы бекіткіштермен шығу тәсілдерін үйретіп, жанында жүрген жастарды сырттай бақылап тұрады. Қатесі болса, бірден ескертеді. Оның алғашқы шәкірттері де қазір тәжірибелі маманға айналды. Соған қарамастан ұстаздық пен азаматтықты қатар алып жүрген қарапайым еңбеккердің әлі де үйретері көп.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар