Жаңа Конституцияның күшіне ену тәртібі мен өтпелі кезеңнің барлық рәсімдері нақты әрі біржақты жазылуы керек. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осы мәселе жан-жақты талқыланды. Депутаттар саяси үдерістің үздіксіздігін сақтау үшін құқықтық айқындықтың шешуші мәні бар екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Комиссия отырысында сөз алған Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева жаңа Конституция жобасында өтпелі ережелердің барлығы егжей-тегжейлі көрсетілуі қажет деген пікір айтты. Оның айтуынша, ең алдымен Конституцияның нақты қай сәттен бастап күшіне енетіні айқындалуы тиіс.
«Жобада оның ережелері нақты қай сәттен бастап күшіне енетінін бекіту керек. Республикалық референдумның нәтижелері ресми жарияланған күннен бастап па әлде нақты белгіленген өзге күннен бастап па?» деді депутат.
Депутат Конституцияның «Жалпы ережелер» бөлімін жаңаша атауды ұсынды
Снежанна Имашева өтпелі кезеңде қазіргі мемлекеттік билік органдарының мәртебесін де нақтылап алу қажет екенін жеткізді. Әсіресе қолданыстағы Парламенттің өкілеттігі қай уақытқа дейін жалғасатыны, Құрылтай сайлауы қандай мерзімде және қандай тәртіппен өтетіні ашық жазылуға тиіс.
«Менің ойымша, бұл мәселелерді заңнамалық функцияның үздіксіздігін қамтамасыз етіп, сонымен қатар Конституциядағы институционалдық жаңашылдықтарды іске асыру қажеттігін ескере отырып қарастыру керек», деді ол.
Депутат Имашева Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау идеясын қолдады
Депутат сондай-ақ өтпелі ережелерде Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамын қалыптастыру тетіктері қамтылуы маңызды екенін атап өтті. Бұған қоса, негізгі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын тағайындау тәртібі де нақты регламенттелуі қажет.
«Осы рәсімдерді нақты бекіту құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді және институционалдық ауысу кезеңінде конституциялық органдардың жоқтығы жағдайын болдырмауға мүмкіндік береді», деді Снежанна Имашева.
Тоқаев: Адвокаттардың ұсынысымен Ата заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды
Оның айтуынша, жаңа Конституция күшіне енген сәттен бастап қолданыстағы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің тағдыры да айқын көрсетілуі керек. Қай құжаттар өз күшін сақтайтыны және олар қандай мерзімде жаңа Конституцияға сәйкестендірілетіні нақты белгіленуі тиіс.
«Аталған ережелерді бекіту құқықтық айқындықты, мемлекеттік институттардың жұмысын болжауды және өтпелі кезеңде әрбір органның өкілеттік шегін нақтылауды қамтамасыз етеді», деп түйіндеді депутат.