Жаңа Конституция жобасында аға буынның мүддесіне тікелей қатысты маңызды нормалар қарастырылған. Осыны атап өткен Қазақстан ардагерлер ұйымы әзірленген Ата заң жобасын қолдайтынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты, аталған ұйымның төрағасы Бақтығожа Ізмұхамбетов Конституциялық комиссияның оныншы отырысында айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасы егде жастағы азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздігін күшейтуді көздейді.
«Жаңа Конституция жобасында әрбір азаматтың ең төменгі жалақы мен зейнетақы алу құқығына, сондай-ақ жасына байланысты, сырқаттанған немесе мүгедектік жағдайында әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі. Сонымен қатар мемлекет әлеуметтік қолдаудың түрлі нысандарын және қайырымдылықты дамытуға жәрдемдесу міндетін өз мойнына алады. Бұл егде жастағы адамдар үшін қосымша қауіпсіздік кепілдіктерін қалыптастырады», деді Бақтығожа Ізмұхамбетов.
Марат Шибұтов: Ата заң жобасы жалпыхалықтық референдумға шығаруға дайын
Жобаға енгізілген тағы бір маңызды норма – Преамбулада тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалуы. Бұл болашақ дамуды жоспарлау барысында аға буынның жинақтаған білімі мен өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізудегі айрықша рөлін мойындау деген сөз.
Депутаттың айтуынша, басқару жүйесіндегі өзгерістер де аға буынның қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашады.
«Бұрынғы консультативтік құрылымдардың орнына барлық өңір өкілдері кіретін «Халық Кеңесі» құрылады. Бұл аға буын өкілдерінің маңызды мемлекеттік шешімдер мен заңдарды талқылауға тікелей қатысуына мүмкіндік береді», деп атап өтті ол.
Конституциялық комиссия жаңа Ата заңда волонтерлік қызмет мәртебесін бекітуді қолдады
Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті конституциялық деңгейде бекітілмек. Бұл норма ұрпақтар сабақтастығын және отбасы ішіндегі жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Индира Әубәкірова: Жаңа Конституция адам құқықтары мен азамат құқықтарының аражігін айқын белгілейді
Ата заң жобасы азаматтардың жеке қаражаты мен өміріне қатысты қорғау тетіктерін де күшейтеді. Мемлекет банктік салымдар мен жинақтардың сақталуына, қаржылық операциялардың құпиялығына кепілдік береді.
«Жеке деректерді алаяқтықтан және заңсыз пайдаланудан қорғау, соның ішінде интернет кеңістігіндегі қауіптерден сақтау арнайы норма ретінде бекітіледі. Бұл цифрлық технологияларды әрдайым еркін пайдалана бермейтін, мемлекеттік қызметтерді алу, медициналық көмекке жүгіну немесе қаржылық операциялар жасау кезінде тәуекелге жиі ұшырайтын егде жастағы азаматтар үшін аса маңызды», деп қосты ұйымның төрағасы.
Сонымен қатар ардагерлер қауымдастығы экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа ұқыпты қарау қағидатының Конституция деңгейінде бекітілуін де оң бағалады.