Алматы қаласында электросамокаттарды пайдалану тәртібін реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Іс-шараға полиция департаменті, прокуратура, қала әкімдігі басшылығы, сондай-ақ кикшеринг қызметін ұсынатын компаниялардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кеңес барысында электросамокаттарды көлік құралы ретінде ресми тануға бағытталған заңнамалық өзгерістер қаралды. Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап жалға берілетін электросамокаттарға қатысты бірыңғай және міндетті талаптар енгізіледі. Сонымен қатар, бизнес субъектілері үшін өтпелі кезең қарастырылғаны айтылды.
Тоқаев Үкіметке электросамокатқа қатысты мәселені қайта қарауды жүктеді
Жиында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, пайдаланушылардың тәртібін бақылау, цифрлық қадағалау тетіктерін енгізу, сондай-ақ кикшеринг операторларының жауапкершілігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Мамандар баламалы көлік түрлерінің кеңінен қолданылуы жол-көлік оқиғалары мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың өсуімен қатар жүріп жатқанын атап өтті.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдиновтың айтуынша, басты мақсат − қалалық мобильділікті шектеу емес, оны қауіпсіз әрі тиімді басқару.
«Электросамокаттар бүгінде жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналды. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да басқа көлік құралдарына арналған ережелер секілді нақты әрі міндетті болуы тиіс», деді ол.
Полиция деректеріне сәйкес, 2025 жылы Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам жарақат алған. Сонымен қатар, жол ережесін бұзған самокат пайдаланушыларына қатысты 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан аса электросамокат арнайы тұрақтарға қойылған.
Астанада электросамокаттарға арнайы тұрақтар ашылады
Кеңес аясында кикшеринг операторларына қойылатын жаңа талаптар да талқыланды. Олардың қатарында міндетті сақтандыру енгізу, электросамокаттарды нөмірлік белгілермен жабдықтау, геозоналау жүйесін қолдану және Ішкі істер министрлігінің дерекқорларымен интеграциялау мәселелері бар.
Айдын Қабдулдиновтың сөзінше, мопедтерді реттеу тәжірибесі қатаң әрі жүйелі шаралардың тиімді екенін көрсеткен.
«Мұндай тәсіл жол-көлік оқиғаларын азайтып, тәртіпті күшейтеді. Дәл осы әдіс электросамокаттарға да қолданылады. Бұл – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам», деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға, профилактикалық шараларды күшейтуге және жаңа талаптарға бизнес пен пайдаланушылардың кезең-кезеңімен бейімделуін қамтамасыз етуге уағдаласты.