Астанада «Amanat» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңес отырысы өтті. Жиын барысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды және мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу нысандарымен қамту, сондай-ақ оқу бағдарламалары мен жұмыс жоспарларын бейімдеу мәселелері, техникалық, кәсіптік білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді дамыту шаралары қаралды.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, партия қызметкерлері және бейнеконференц-байланыс режімі арқылы өңірлердегі басқарма басшылары қатысты.
Сөз басында «Amanat» партиясының хатшысы Шолпан Каринова елімізде жаңа Конституция жобасы әзірленгенін, осы жұмыс ашық әрі жария түрде жүргізілгенін атап өтті.
«Әр азаматтың Қазақстанның болашағына өз үлесін қосуға белсенді азаматтық ұстанымын ұсыныстар мен саналы қатысуы арқылы білдіруге толық мүмкіндігі бар. Ата заң жобасы қоғамда жүзеге асырылып жатқан жүйелі саяси және экономикалық өзгерістерді көрсетіп, ел дамуының жаңа бағдарын, оның ішінде білім, ғылым, инновациялар саласындағы басымдықтарды айқындап, адам капиталын дамытуды ең басты орынға қойған құжат саналады», деді партия хатшысы.
Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасының орынбасары Ерлан Әбдиев жаңа Конституция жобасы – болашаққа бағытталған, прогрессивті құжат екенін атап өтіп, оның іргетасында адамға бағдарланған ұстаным екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қоғамда инклюзивті ортаны дамытуда, соның ішінде Қазақстанның білім беру жүйесін ілгерілетуде ерекше маңызды.
«Бүгінде ұлттық деңгейде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасы аясында Мәжіліс пен Сенат депутаттарының бастамасы негізінде дайындалды. Мәжілісте талқыланып жатқан бұл заң жобасы балалардың медицинаға, білімге және әлеуметтік қызметтерге үздіксіз қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Ерлан Әбдиев.
Бұл ретте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала бар екенін айтты.
«Оның ішінде, мектепке дейінгі жаста – 71 мың, мектеп жасында – 166 мың. Мүмкіндігі шектеулі балалардың басым көпшілігі – психикалық дамуы тежелген балалар. Олардың үлесі – 34,3% болса, сөйлеу тілінің бұзылысы бар балалар 32%-ды құрайды. Бүгінде инклюзивті білім беру жағдайында балабақшаларда – 49200, мектептерде – 138700, колледждерде 5400 бала білім алуда. Әр баланың білім алу қажеттілігі психологиялық медициналық педагогикалық консультацияларда (ПМПК) бағаланады. Ол үшін елімізде 124 ПМПК қызмет етеді. Осы жылы тағы 8 ПМПК ашу жоспарланып отыр», деді вице-министр.
Сондай-ақ жиын барысында Қарағанды мен Ақмола облысындағы және Шымкент қаласындағы білім басқармаларының басшылары баяндама жасады.
Іс-шараны қорытындылай келе, «Amanat» партиясының хатшысы Шолпан Каринова алдағы уақытта қабылданатын барлық шешім мен шараның өзегінде балалар тұруға тиіс екенін атап өтті. Ал түпкі мақсат – нағыз инклюзивті орта құру.
«Санитарлық және құрылыс нормалары да назардан тыс қалмауға тиіс. ПМПК-ға, оңалту кабинеттеріне және ресурстық орталықтарға қатысты тиісті құрылыс нормалары қажет. Осы мәселе әлі де толық шешімін таппай отыр. Сондықтан жиын барысында көтерілген барлық мәселені алдағы уақытта да жіті назарда ұстаймыз», деп түйіндеді Шолпан Каринова.