Бірде әлеуметтік желіден мынадай бір ауыр оқиғаны оқығаным бар. Балқаш қаласының бір тұрғыны қартайған шағында не балаларына, не жақын туыстарына керек болмай, пәленбай жыл тұрған пәтерінде жалғыз қу басы қалып, өзін-өзі күте алмайтын күйге жетіп, қала басшыларына шағымданып, қайта-қайта өтініш білдіріп жүріп, облыс орталығы Қарағанды қаласындағы қарттар үйіне жолдама алып, енді сол жаққа кетіп бара жатқанын әңгімеледі. Такси көлігіне қалт-құлт етіп екі-үш сөмке, шемодандарын артып жатқан қарттан көлік иесі:
– Қарағандыға көшіп бара жатырсыз ба, ата? Онда балаларыңыз тұра ма?
– Жоқ, қарттар үйіне барамын... Көп жыл осы Балқашта жұмысшы болып еңбек еттім. Зейнетке шыққаннан кейін өзім үшін өмір сүремін, жіберген кемшілігімді түзеп, атқара алмаған ісімді орындаймын, қарттықты жаныма жайлы етіп өткіземін деп ойлаушы едім. Барлығы ойлағандай бола бермейді екен. Осыдан 10 жыл бұрын әйелім қайтыс болды. Екі ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеп, білім беріп едік. Қызым түрікке күйеуге шықты да, шетел асып кетті. Бір ұлым Алматы облысында, екіншісі Астанада еңбек етеді. Әрқайсысының отбасы, бала-шағалары бар. Тіпті менімен хабарласуға да олар уақыт таппайды. Мен болсам қу басым сопиып үйде жалғыз қалдым. Зейнетақым бар, дәрі-дәрмегіме, тамағыма жетеді. Мені қинайтыны, жаныма қатты бататыны – жалғыздық! Құдай сендерді содан сақтасын...
– Балаларыңыздың бірінің қолына бармайсыз ба? Жасыңыз нешеде? – деп сұрақ қойды таксист жігіт.
– Қарағым-ай, ондай күн қайда маған. Екі ұлымның әйелінің де мінезі шәлкес, қатыгез. Бірнеше рет қонақта болдым үйлерінде. Ұлдарымды қойшы... Екі келінім ешқандай жылы қабақ танытпады. Керісінше, менің әр қимылымды, ісімді, сөзімді аңдып, қабақтары ашылмай, күйеулерімен орынсыз керісіп, дау-дамайын көбейтті. Әйтеуір, еріндері жыбырлайды да жүреді. Сонымен қысқаша айтқанда, оларға сыйып, сіңіп кете алмадым. Немерелерім жат болып кетті. Қазір олармен байланысым мүлдем үзілді. Олар мені керек етпейді. «Әттеген-ай!» дейтін күнім аз емес. Дәм-тұзым таусылуға жақын қалғанда, 80-нен асқан шағымда жалғыздықтың уын ішіп жүрмін, мазам кетіп, кеудемдегі тынымсыз лүпілдеген жұдырықтай жүрегім қанжылап жүр. Ерте ме, кеш пе өмірімнің аяғына жететінім хақ. Мені мұндай қасіретке жеткізген Жаратқан Иеме не істедім? Қай жерде қия бастым? Білмеймін..., – дей келе әлгі қария қатты күрсініп, шерін төгіп, мөлтілдеп келген көз жасын алақанымен көлеңкелей берді...
...Қала орталығындағы аурухана жанындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағынан өтіп бара жатып, «Анаға тағзым» руханият орталығының алдындағы жас сәбиін қысып ұстаған қайратты ана бейнесіне ерекше зер саламын. Ананың оң қолына сәбиін ұстап, алға қарай бір қадам жасап тұрғанының мәні – түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен, сәбиін құнды қасиеттерге тәрбиелеген, ақ сүтімен адамгершіліктің асыл қасиеттерін дарытқан аналарға тағзым ретінде бейнеленген. Соны көремін де өткен жылы бір таныс астаналық азаматтың айтқан мына бір әңгімесі еріксіз еске түседі.
– Қарапайым отбасында, ауылда өстім. Жеті баланың кенжесі болғандықтан қарашаңыраққа ие болып қалдым. Қолымда 80-нен асқан шешем тұрды. Қанша жасқа келсем де анам қамқоршым болды. Мені ерекше жақсы көріп, аналық махаббатын аямай төкті. Үйленіп, бала-шағалы болсам да әрдайым есік алдынан күтіп алатын. Тіпті қызмет бабымен түн ортасында келсем де көз ілмей тосып, мені көріп: «Ә, балам келдің бе? Жұмысыңнан шаршап келдің бе, қарғам. Құдай қуат берсін, балам», деп, Аллаға сыйынып барып төсегіне жататын. «Мама-ау, мені тоспай-ақ демала бермейсіз бе» десем, «Айналайын, алтыным. Сен үйде жоқ болсаң, бойымда дегбір пайда болып, ұйқым қашады. Қанша өзімді қинасам да көз жұмып, ұйықтай алмаймын, жүрегім тулайды да тұрады. Жарқыным, аман бол, абыройлы бол» деп ақ батасын беретін. Жасы келіп, қартайып, қажып отырса да мен дегенде әр кез көңілі алаңдап отырушы еді жарықтықтың. Қазақ әнінің бірінде «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жатады ғой. Сол сөздің жаны бар екен. Анам дүниеден озғаннан кейін көңілім құлазып, әжептәуір «жалғызсырап, жетімсіреп» қалдым. Үйге келсем көңілім анамды іздейді, оның жылы сөздерін естігім келеді, алақан табының ыстығын сезінгім келеді. Бәзбір кезде анаңды сағынып, жүрегің езіледі, кейде, тіпті көкірегің қарс айырылып, көзіңе мөлтілдеп ыстық жас келеді. Қайран, ана! Сөйтіп жүргенде бірде түнде іссапардан үйге келдім. Есікті өз кілтіммен ашып, ішке ендім. Бала-шаға, жұбайым, інім мен келін, барлығы қалың ұйқы құшағында, кімнің үйге келіп-кетіп жатқанын еш сезер емес. Сол сәтте жарықтық анамның үйде жоқтығын қатты сезіндім. Аяғымды жай басып, асханаға еніп, жарықты қосып, шай қойдым. Үстел басында отырып кешегі анам бар кездегі күндерді еске алып, ойым астан-кестен, ішкі дүнием әлем-жәлем болды. Жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймайтындай аттай тулап, бойымда өксік пайда болып, еріксіз жанарларыма ыстық жас келді. Анамның «Келдің бе, балам?..» деген жылы сөзін ести алмағаным жаныма қатты батты. Ана орнын ешкім, ешқашан толтыра, алмастыра алмайтынын сол сәтте терең ұқтым. Көзім мөлтілдеген ыстық жасқа толды, көңілім босап, кеудемді өксік билеп, «аттың басын бос жіберіп», егіл-тегіл жылап, иә, жылап, анамды сағынып, іштегі шерімді бір тарқатып алдым. Кейінгі кезде сиректеу болса да, әлгідей көңіл менде болып тұрады. Анаға деген көңіл, махаббат, сағыныш жас талғамайды-ау деп ойлаймын, – деп еді жасы орта жастан асқан, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған танысым ағынан жарылып, ауыр күрсініп, көзі жасаурады.
Біз біреудің көңілін көтеру үшін жиі айтатын көп тілектің бірі – «Бақытты болыңыз!» сөзі. Орыстың қуыршақ театрының шебер актері, режиссері, публицист Сергей Образцовтың: «Сенің көмегіңді біреу қажет етіп, мазалап жатса – сол бақыт!», деген сөзі жиі есіме келеді. Шынында, туыс-жақыныңызға, танысыңызға, замандастарыңызға бір себеппен керек болып жатсаңыз, көмегіңіз, жәрдеміңіз қажет болып сізді мазалап жатса, онда сіз бақыттысыз. Өйткені сіз жақындарыңызға, тіршілік етіп жүрген ортаңызға, қоғамға керексіз! Біз кімге керекпіз, кімге керек емес екенімізді білгенде – бұл өмірде жабырқау аз болатын еді. Бұл – біз үшін үлкен олжа.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Журналистер одағының мүшесі
ТАРАЗ