• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Кеше

Тәж-Махалға барам десеңіз...

20 рет
көрсетілді

Үндістан үкіметі Қазақстан азаматтарына үнді елінде 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берді. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай шешім екіжақты байланыстарды нығайтуға, әсіресе елдер арасындағы туристік, медициналық бағыттарды дамытуға негізделген.

Сыртқы істер министрлігі мәлімдегендей, 30 күнге дейінгі тегін туристік және медициналық виза ресімдеу бірден күшіне енді. Ел азаматтары Үндістанға тегін визаны e-Visa онлайн жүйе­сі арқылы немесе Астана, Алматы және шетелдегі Үндістан дипло­ма­тия­лық өкілдіктерінде рәсімдей алады. Осы орайда, СІМ визаға өтінішті мемлекеттік қызметтер арқылы ғана беруді еске салады.

Виза алуды жеңілдету екі­жақ­ты туристер ағынын арттырып, Үндістанды ел азаматтарына қол­же­тімді бағытқа айналдыруға мүм­кін­дік бермек. Ал Үндістан азаматтарына Қазақстанда визасыз 14 күнге дейін болуына рұқсат етілген.

Айта кетсек, Үндістанның Қазақс­тандағы елшісі Сайлас Тан­гал елімізге 2025 жылы Үндіс­тан­нан шамамен 250 мың турист келгенін мәлімдеді.

«Туризм, соның ішінде меди­циналық және сауықтыру туризмі ынтымақтастықтың бола­ша­ғы зор бағы­тына айналады. 2025 жылы Қазақстанға келген үнді аза­мат­та­ры­ның саны 250 мың адамға жетті», деді дипломат.

Еліміз кейінгі жылдары Үн­діс­­тан­­ның медициналық тех­нологиялар, фармацевтикалық өнді­ріс, телемедицина мен дәс­түрлі медицина саласындағы тә­жіри­бесіне қызығушылық таны­тып келеді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үндістан елшісімен кездесуде үнді елімен фармацевтика саласындағы келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Үкімет таратқан мәліметке сәйкес қазір елімізде үнді компа­­ния­лары шығарған 965 дәрілік зат пен 248 медициналық бұйым тіркелген.

Жалпы, Үндістан Тәж-Махал сынды сәулет өнерінің жау­һарымен әлемге танымал. Жылы­на ондаған миллион турист тама­­шалайтын таңғажайып мав­зо­­лейді осыдан төрт ғасыр бұрын 1631 жылы Моғол патшасы Шах Жахан жары Мумтаз Махалға арнап салдыртқан. Тәж-Махал Уттар-Прадеш штатының Агра қаласында орналасқан. Ақ мәрмәрдан салынған кесененің сырты мен іші жартылай асыл тас­тармен безендірілген. Кесененің екі жағында мешіт пен қонақүй орна­ласқан.

Тәж-Махалға барарда әуелі Делиге жетіп алу қажет. Бүгінде Үндістан мен Қазақстан арасын­да аптасына 15 тікелей рейс қаты­най­ды. Дели мен Тәж-Махал орна­лас­қан Агра қаласының арасы 239 шақырым.

Сондай-ақ Үндістандағы Жам­­му Кашмир штатының бас қаласы Сринагар қазақ пен үнді елін байланыстыратын алтын көпірге айналары сөзсіз. Әрине, бұған дейін де осы аймаққа еліміз­дің ірі тұлғалары жиі ат басын бұрған, енді Кашмир аймағына отан­дастарымыз еркін саяхаттай алады.

Сринагар қаласында әйгілі тарих­шы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы туралы аса құнды деректер жинақталған «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаһаннама» дастаны­ның авторы Мұхаммед Хайдар Дулати жерленген. Мұхаммед Хайдар Дулати жазған деректердің арқасында Қазақ хандығының құрылу тарихын 1465 жылдан бас­талады деп есептейміз.

Ұлы моғолдар империясының сұлтандары жерленген «Мазар-и-Салатин» қорымында тарихи тұл­ғаның кесенесі 2018 жылы жаңартылған. БАҚ-та жария­лан­ған ақпаратқа сәйкес зират басында урду және ағылшын тілінде жазылған тақтатас бар. Бұл ақпараттық тақта 2015 жылдың қыр­күйек айында орнатылған.

«Биіктен төменге Сринагарға қарап тұрмыз. Кашмир жазығы­ның ені 20, ал ұзындығы 200 ша­қы­рымдай деседі. Сринагардың биіктен де көркем көрінетінін байқадық. Осы жерде, әрине, Мұхаммед Хайдардың да ат басын тіреп, Кашмирдің сұлулы­ғы­на, көркем табиғатына тәнті болғандығына күмән жоқ. Ұлы ғалым жерленген «Мазар-и-Салатин» – «Сұлтандар зираты» Гималайдан бастау алатын Желам өзенінің бұралаңдап ағатын тұсында. Ол жерге ескі шаһар­дағы бір көшені жарып өтіп жеттік. «Мазар-и Салатинді» 1997 жылы желтоқсанда осында арнайы келгенімде көргенмін. Мұхаммед Хайдардың зиратын осы қабірстанның солтүстік жағын­дағы биіктеу жерден тапқан­мын», деп Кашмир сапарынан естелік қалдырған еді Әбсаттар қажы Дербісәлі «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Гималай асқан қазақтар» атты мақаласында. Айта кетсек, 1540–1551 жылдары Кашмир патшасы болған Мырза Хайдар Дулатидің зиратын Әбсаттар қажы Дербісәлі 1994 жылы Кашмирден іздеп тапқан.

Сондай-ақ Дінмұхамед Қонаев «Өтті дәурен осылай» деген кіта­бында 1955 жылдың 16 маусымында Үндістан Премьер-министрі Джавахарлал Неру қызы Индира Гандимен бірге Алматыға келген сапарынан естелік жазған еді. Автор құрметті меймандардың: «Мынау біздің Кашмир ғой?», деп таңғалғанын жазады.

Жалпы, Үндістан – көрікті жерлерімен ерекшеленетін, бай мәдени мұрасы бар елдердің бірі. Тарих пен мәдениет тоғысқан елде туристерге ат басын тірейтін орындар көп. Мәселен, «Қызғылт қала» атанған Джайпур штатының астанасы Раджастханда Хава-Махал (Жел сарайы), Амбер форт, Сити Палас, Джантар Мантар обсерваториясы секілді тарихи нысандар орналасқан. Сондай-ақ әлем елдерінің туристері Үндістанның ең көне және қасиетті қалаларының бірі Варнасиге (Уттар-Прадеш) көптеп ағылады. Бұл қала – Ганг өзенінің бойында орналасқан, үнділердің діни орталығы. Мұнда келген туристер Гангта таңертеңгі ғибадат рәсімдерін тамашалай алады.

Қазір елімізде үнді мәдениеті йога, үнді киносы, классикалық би мен музыка арқылы кеңінен танымал болса, Үндістанда қазақ елі мәдени фестивальдар мен концерттер арқылы таныстырылып келеді.

Туристік агенттіктердің мәліме­тіне сүйенсек, қазір Үндістан­ның Уттаракханд штатындағы Ришикеш пен Харидвар қалала­ры­на туристердің қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Ришикеш Гималай тауларында орналасқан, йога мен медитация орталығы ретінде танымал қала болса, Харид­­­­вар – үнді дінін насихаттайтын қа­­сиетті қалалардың бірі. Бұл екі қала да Ганг өзенінің бойында орна­ласқан.

Еліміздің азаматтарына арнал­ған 30 күндік визасыз режім туризм, мәдениет, денсаулық сақтау салаларын одан әрі дамытуға серпін болмақ.

Соңғы жаңалықтар