Ата заң – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің өзегі. Ол мемлекеттік биліктің барлық тармағының, ішкі және сыртқы саясаттың барлық субъектісінің стратегиялық даму бағыттарын айқындайды. Сондай-ақ әкімшілік, азаматтық, қылмыстық-процестік, еңбек және өзге де құқық салаларының негізін қалыптастырады.
Мен заңгер ретінде Конституция жобасына енгізілетін ұсыныстарды талқылау жөніндегі Конституциялық комиссия отырыстарының жұмысын мұқият қадағалап отырдым. Айта кету керек, жоба жарты жылға жуық уақыт бойы жан-жақты қаралып, қоғам арасында кең көлемде талқылаудан өтті. Осы уақыт аралығында 2000-ға жуық ұсыныс келіп түсті. Олардың барлығы мұқият зерделеніп, нәтижесінде, Конституциялық комиссия Конституция мәтінінің 84 пайызына өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл бастама қоғам тарапынан кең қолдау тапты.
Ұсынылып отырған Конституция жобасы – Тәуелсіз еліміз тарихындағы аса маңызды әрі жауапты қадам. Менің ойымша, алғаш рет Конституция деңгейінде «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары нақты әрі жүйелі түрде көрініс тапты. Бұл – қоғам сұранысы мен уақыт талабына берілген айқын жауап. Аталған қағидаттар құқық үстемдігін нығайтуға, әділетті басқару жүйесін қалыптастыруға әрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.
Жаңа редакциядағы 16-1-бапқа ерекше назар аудару қажет. Бұл бап азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктерді күшейтуге, оның ішінде кінәсіздік презумпциясы, бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға жол бермеу мен өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті болмау қағидаттарын қамтиды. Аталған норма азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығын нақты бекітеді.
17-21-баптарды талдай отырып, жаңа түзетулердің бұрынғы редакциямен салыстырғанда елеулі айырмашылығы бар екенін көруге болады. Жаңа өзгерістер әрбір азаматтың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған. Атап айтқанда:
«20-1-тармақ. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды және заңмен қорғалады.
20-2-тармақ. Ешкім азаптауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгез немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға ұшыратылмауға тиіс».
Бұл тұжырымдар жаңа Конституция халықтың пікірі мен мүддесін ескере отырып әзірленгенінің айқын дәлелі. Жаңартылған Ата заң еліміздің тұрақты дамуына, әділетті қоғам құруға әрі құқықтық мемлекетті нығайтуға берік негіз боларына сенім мол.
Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің
басқарма төрағасы – ректоры