Алматыдағы Ұлттық кітапханада ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына және ақын атындағы халықаралық қоғамдық қордың 20 жылдығына орай «Мұқағали шығармаларын зерттеудегі жаңа бағыттар» атты республикалық ғылыми конференция өтті.
Маңызды ғылыми жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, жас зерттеушілер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен магистранттар қатысып, Мұқағали Мақатаевтың бай әдеби мұрасын қазіргі әдебиеттану ғылымының тың бағыттары тұрғысынан зерделеді. Конференция барысында ақын шығармашылығына қатысты мазмұнды баяндамалар жасалып, жаңа ғылыми тұжырымдар ортаға салынды.
Ғалымдар өз сөзінде Мұқағали поэзиясының көркемдік әлеміне, тілдік өрнегіне, образ жасау шеберлігіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ақын жырларындағы рухани-философиялық тереңдік, адам жанының иірімдерін дәл бейнелеу, ұлттық болмыс пен жалпыадамзаттық құндылықтардың сабақтастығы, Мұқағали мұрасының ұрпаққа берер тағылымы жан-жақты сараланды.
«Мұқағалидай кеңінен насихатталған ақын жоқ деуге болады. Бұған былтыр жарық көргеніне 20 жыл толған «Мұқағали» журналы мен биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың нәтижелі жұмысы дәлел. Ақынның ұлы Жұлдыз – әке мұрасының шынайы шырақшысы, ал Бақытгүл жеңгеміздей атасын ардақтаған келін сирек. Бұл – ақынды құрметтеу, поэзияны, әдебиетті сүю деген сөз. Мұқағали шығармалары қанша тілге аударылса да, исі қазаққа ең жақын ақын болып қала береді. Оның ұлылығы – қарапайым он бір буынды қара өлеңмен оқырман жүрегін жаулай білуінде. Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов сынды ұлы ақындардай 45 жыл ғана ғұмыр кешсе де, Мұқағали ақынның рухани өмірі мыңжылдықтарға жалғаса беретініне сенеміз», дейді Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы.
Әр жылы ақпан айында, ақын туған күн жыр мерекесі секілді өздігінен аталып өтеді. Бұл – өзі өлеңге, өлеңі өмірге айналған таңғажайып талант иесінің халық жүрегінен мәңгілік орын алғанын көрсетеді. Конференцияға қатысқан зиялы қауым ақын шығармашылығын айшықтауға арналған игі жобалар мерейлі жыл аясында жалғасын табатынын жеткізді.
«Өмірін өлеңмен өрген Мұқағали мұрасы – жыр сүйер қауым үшін мәңгілік таусылмайтын тақырып. Биыл алып ақынды жыр бесікке бөлеген Райымбек ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейлі белес аясында Мұқағали шығармашылығы кеңінен насихатталып, түрлі деңгейдегі іс-шаралар өтетін болады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ақынның туған күні өзі дүниеге келген қасиетті Қарасаз ауылында бастау алып, тұтас қазақ даласын шарлайды. Биыл да облыстық, республикалық деңгейдегі рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, ақын мұрасы тағы бір мәрте төрге озбақ. Ең бастысы, мұның бәріне ақын туған аспантаулық ағайын ерекше ықылас танытып отыр. Мұқағали Мақатаевтың туған күнін жерлестері жыл сайын зор қуанышпен, ерекше сағынышпен күтеді», дейді Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев.
Конференция аясында Ұлттық кітапхана қоры негізінде «Қазақ жырының Хан тәңірі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Хан Тәңірі» кітабының тұсауы кесілді.
Айшықты басқосу Республика сарайында жыл сайын өтетін әдеби-сазды кешке ұласып, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Рамазан Стамғазиев, Толқын Забирова, Айжан Нұрмағамбетова, Медеу Арынбаев, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Мәдина Сәдуақасова, Бейбіт Қорған, Шәбә Әденқұл, Ләлә Бақытнұрқызы, Сая Махамбет бастаған өнер саңлақтары Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерді тамылжыта шырқады.
АЛМАТЫ