Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласындағы бірқатар колледжді аралап, оқу орындарының материалдық-техникалық жағдайы мен білім алушылардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Алдымен облыс әкімі тау-кен металлургиялық колледжіне барып, ғимараттың қазіргі жағдайын көрді. Нәтижесінде, аталған нысанды жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманы жедел түрде әзірлеуді, сондай-ақ жөндеу жұмысының нақты мерзімі мен қаржыландыру көзін айқындауды тапсырды.
Одан кейін технология және сервис колледжінде болды. Білім ордасының оқу корпусы мен спорт залына былтыр күрделі жөндеу жұмысы басталған. Аймақ басшысы биылдан қалдырмай жатақханаға да күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау міндетін жүктеді.
Сонымен қатар облыс әкімі гуманитарлық колледж ғимаратына да бас сұқты. Өңір басшысы білім ордасындағы спорт залдың талапқа сай келмейтінін ескерте отырып, қосымша ғимарат салуды тапсырды.
Аймақ басшысы білім нысандарын аралау барысында студенттердің қауіпсіз әрі жайлы жағдайда сапалы білім алуы – аймақтың адами капиталын дамытудағы басым бағыттың бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты білім беру нысандары заманауи талаптарға толық сай болуы тиіс екенін жеткізді.
Ұлытау облысы