«Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы кәсіпкерлікпен айналысуға ниет еткен жұмыссыз жастарды қолдап, небәрі 2,5 пайыздық өсіммен шағын несие беретіні белгілі. Оны қайтару мерзімі – 5 жыл, мал өсірумен айналысатындарға 7 жыл мерзімге дейін ұзартылған.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,3 млрд теңге көлеміндегі 134 өтінім қабылданған. «Ауыл аманаты» бойынша микронесие беретін «Солтүстік» ӘКК бөлім басшысы Талғат Жұмабековтің айтуынша, теріскей жастарының ауыл шаруашылығын өркендетуге деген белсенділігі жоғары. Бағдарламаға облыстың барлық ауданындағы жастар қатысқан. Олар мал, өсімдік өсіру, туризм мен балық өндірісін дамыту мақсатында шағын несие алған. Сонымен қатар жиһаз жасауға арналған жабдықтар сатып алу, көлік жуу орындарын ашу сияқты бағыттарға да қаржы берілген.
Барлық 134 жобаның 43-іне қолдау білдіріліп, 477,7 млн теңге бөлінген. Жалпы айтқанда, осы жобаны іске асыруға облысқа республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылған.
Биыл бағдарламаға қатысу талаптары біршама жеңілдетілген. Енді микронесие алуға жұмыссыз азаматтар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да қатыса алады. Мысалы, такси айдап жүргендер ауылға барып, шаруашылық бастаймын, мал өсіремін десе құба-құп. Сонымен қатар қызметін уақытша тоқтатқан жеке кәсіпкерлер де өтініш бере алады.
«Микронесие мақұлданғаннан кейін азамат міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Келісімшарт мерзімі біткенше сол мәртебені сақтауға тиіс. Сондай-ақ бизнес жобасы қарыз алушы тіркелген жерде жүзеге асырылуы қажет. Басқа облыстың аумағына барып бизнес жүргізуге рұқсат жоқ. Бағдарлама аясында ғимараттар мен тұрғын үйлерді сатып алу немесе салу, оларды жалға беру, жеңіл автокөлік алуға болмайды. Жақын туыстардан ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу, сондай-ақ көтерме мен бөлшек саудаға несие беруге тыйым салынады», дейді Талғат Жұмабеков.
Микронесиенің ең жоғары сомасы – 2 500 АЕК-ке дейін, яғни 10,8 млн теңгеге дейін артқан. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен кооперативтерді дамыту жобалары үшін бұрынғыдан да көбейіп, 34,6 млн теңгеге дейін беріледі.
Облыста былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында 242 жаңа жұмыс орны ашылған. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужановтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық аумақтарды дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен көмек. Облыста «Аmanat» партиясының филиалы және Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бағдарламаны іске асыру бойынша барлық ауылдық округ әкімдерін оқыту жұмыстары жүргізілген. «Бағдарлама аясында ауылдық жерлерде бірегей кәсіпорындар ашылып, тұтас отбасыларды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берілді. Бағдарламаны іске асырудың жарқын мысалдарының бірі – Қызылжар ауданы Бескөл ауылында ашылған «Семейная ферма» ЖК шаруашылығын айтуға болады. Мұнда үш инкубатордың көмегімен бөдене өсіру жолға қойылған. Құс шаруашылығының жалпы сыйымдылығы – 1 500 бөдене, қазір мұнда 500-ге жуық америкалық Техас және эстон тұқымды бөдене бар», дейді Дәурен Тоқужанов.
Кооперация құру бойынша да бірнеше жоба қолға алынған. «Бұл бағытта 6 өтінім түсті, олардың бәрі қаржылай қолдауға ие болды. Бес кооператив мал шаруашылығымен айналысады, ал бір кооператив сүт өнімдерін қайта өңдеуді қолға алды. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту жалғасады, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысатын әр ауылдық округте кооперативтер құрылып, жеке қосалқы шаруашылықтар тартылады», деді басқарма басшысы.
Бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатымен облыстық экономика басқармасы ауылдық жерлерде дамытуға болатын салалар бойынша сараптама жүргізген. Сараптама қорытындысы бойынша құс шаруашылығы мен ет өндірісімен айналысатын азаматтар қатары басым екені анықталған. «Осы салада жұмыс істеп жатқан 190-ға жуық ауылдық округ бар. Егіншілік пен жылыжай шаруашылығы 186 ауылдық округте қолға алынған. Кейбір елді мекеннің тұрғындары ара, балық шаруашылығымен, тері өңдеумен айналысады. Енді облыс басшылығы жылыжайларда гүл өсіру мен көкөністерді консервілеу, жүн мен тері өңдеу, құрылыс материалдарын шығару секілді бағыттарды қолдауға көбірек көңіл бөлмек.
Солтүстік Қазақстан облысы